Күллі әлем бойынша өз көрерменін бірден жинаған «Кампустан тыс» сериалы бір ай бұрын жарық көріп, қысқа уақыт ішінде жастар аудиториясының сүйікті жобаларының біріне айналды. Хоккей, студенттік өмір және махаббат хикаяларын шебер үйлестірген туынды киносүйер қауымды шынайы кейіпкерлерімен, әсерлі сюжетімен және актерлер арасындағы ерекше химиясымен баурап алды. Әсіресе әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, жаһанда үлкен танымалдыққа ие болды.
Экрандағы кейіпкерлер мұз айдынында да, одан тыс жерде де қарым-қатынас сынақтарынан өтіп жатқанда, актерлердің шынайы өміріндегі махаббат хикаялары әлдеқайда тұрақты әрі тыныш өрбіп жатыр. Басты кейіпкерлер арасындағы сенімді химияға қарамастан, жұлдыздар олардың арасында тек берік достық қана бар екенін бірнеше рет айтқан. Олай болса, «Кампустан тыс» сериалының актерлері шынайы өмірде кімдермен кездесіп жүр? Бұл туралы Harper's BAZAAR Kazakhstan редакциясы Е! басылымына сілтеме жасап қызықты деректермен бөліспек.
Ханна Уэллс рөлін сомдаған Элла Брайт қазір ресми түрде бойдақ. Актриса кенеттен қарқын алған мансабына ден қойып, сериалдың вирустық табысы өмірін түбегейлі жақсы жаққа өзгерткенін жасырмайды.
Ал Ханнаның экрандағы серігі Гаррет Грэмді ойнаған Бельмонт Камелидің жүрегі әлдеқашан жауланған. Ол 2025 жылдың көктемінен бері сценарист Райна Морриспен кездесіп жүр. Жұптың ортақ сәттері актердің әлеуметтік желілерінде жиі жарияланып тұрады.
Каст құрамындағы өзге әртістердің де жеке өмірінде маңызды жаңалықтар аз емес. Элли рөліндегі Мика Абдалла жақында тұрмыс құрмақ. Ол 2025 жылдың мамыр айында «Секс-қосымшасы» фильміндегі әріптесі Джейк Шортпен ресми түрде сөз байласқан.
Дин Ди Лаурентисті сомдаған Стивен Калинді нағыз романтик жан деуге болады. Ол қалыңдығы Виктория Ловатсиспен 2012 жылдан бері бірге. Бір қызығы, кітаптардың жанкүйері болған сүйіктісі актерді дәл осы жобаға кастингтен өтуге көндірген екен.
Ал Джон Логан рөліндегі Антонио Чиприано 2023 жылдан бері актриса Жюстин Верхейлмен қарым-қатынаста. Жюстин сұқбаттарында актерді өмірлік серігі ретінде ашық айтып жүр.
Джон Такерді образын сомдаған Джейлен Томас Брукс әзірге өз теңін кездестірмеген. Актер шынайы өмірде де кейіпкері секілді сезімнің баяу әрі табиғи дамығанын қалайтынын айтады.
Трендтегі сериалмен екінші маусымда қош айтысатын Джастиннің рөлін сомдаған Джош Хьюстонның да жүрегі әзірге бос. Актер болашақта балалы-шағалы болып, жайлы отбасылық өмір құруды армандайтынын айтқанымен, қазіргі таңда бар назарын мансабына аударған. Дегенмен сері тағдырдың тосын сыйларына әрдайым дайын екенін де жасырмайды.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.