Жаз маусымы енді ғана басталса да, көпшілік ең өзекті трендтерді тезірек киіп көргісі келеді. Дегенмен асықпай, маусым айының басты сәнді инвестициясынан бастауға кеңес береміз. Бұл таңдау жаңа маусымға табиғи әрі үйлесімді бейімделуге көмектеседі. Биылғы фавориттердің бірі — денеге қонымды slim dress, яғни қынама көйлек. Өткен дәуірдің сәнінен қайта оралған бұл модель бүгінгі гардеробтың ажырамас бөлігіне айналуға дайын.
Alaïa сән үйі ұсынған үлгілердің бірі мәңгілік стильдің символына айналып, екінші терідей мінсіз жарасатын көйлек атағына үміткер. Толық шолуды Harper’s BAZAAR Kazakhstan материалынан таба аласыз.
Alaïa мен Gucci көрсетілімдері, сондай-ақ көше сәні бізді уақыт машинасымен өткен жылдарға жетелегендей әсер қалдырды. Тоқсаныншы жылдары мұндай қынама көйлектерді Виктория Бекхэм мен Холли Берри сәнге айналдырса, кейін оларды Ким Кардашьян мен Ирина Шейк өз стиліне икемдеді. Әрине, әр кезеңнің өзіндік ерекшелігі болды. Бірақ бүгінде бұл трендтің қайта оралуы жаз маусымының ең сәтті шешімдерінің біріне айналып отыр. Өйткені дәл қазір көпшілік көпқабатты киімнен бас тартуға дайын болғанымен, тым жарқын әрі көзге түсетін образдарға әлі көшкен жоқ.
Қынама көйлек заманауи мегаполис тұрғындарының барлық талабына жауап береді: сәнді, күнделікті өмірге ыңғайлы әрі түрлі стильмен оңай үйлеседі. Оны жакетпен де, жейдемен де киюге болады немесе ешқандай қосымша қабатсыз жеке образ ретінде таңдауға болады. Мұндай көйлек романтикалық кездесулерге, құрбылармен басқосуға және тіпті кеңсе стиліне де жарасады.
Әсіресе капучино түстес реңктер дене бітімін әдемі айқындап қана қоймай, жазғы жеңіл күнге күйген теріні де ерекше көрсетеді. Бұл инвестицияның тағы бір артықшылығы — оның әмбебаптығы. Slim dress сіздің сәнді образыңыздың таза парағы іспетті. Ал соңғы штрихтарды аксессуарлар толықтырады: ерекше аяқ киім, сәнді сөмке немесе көз тартарлық әшекейлер қажетті акценттерді қояды. Образды әсерлі ету үшін маусымның бьюти-трендтерін де ұмытпаңыз. Мәселен, дымқыл эффектідегі боб шаш үлгісі немесе табиғи сәнсіздікке құрылған шаш сәні сіздің келбетіңізге ерекше тартымдылық сыйлайды. Осылайша, қынама көйлек — тек маусымның тренді ғана емес, жазғы гардеробқа жасалған ең ұтымды инвестициялардың бірі.
Авторы: Мария Машкова. Аударған. Гүлдана Мұқан.