Сәуір айы қазақстандық кино сүйер қауым үшін ерекше болғалы тұр. Бұл айда көрерменге түрлі жанрдағы — комедия, тарихи эпос, отбасылық драма, мелодрама және экшн бағытындағы бірнеше отандық туынды жол тартады. Бірі көрерменді айла мен алаяқтық әлеміне жетелесе, енді бірі ұлы тарихты қайта тірілтеді, ал кейбірі махаббат, тағдыр, туыстық және адамдық туралы терең ой салады. Harper’s BAZAAR Kazakhstan ұсынған сәуір айындағы ең көп талқылануы мүмкін отандық кинокартиналарға шолу жасады.
«Мошенники» — 1 сәуір
Сәуір айындағы кинопремьералар легін «Мошенники» фильмі ашады. Картинада Дамир есімді кейіпкер жалған банк құрып, ғасырдың ең батыл схемасын жүзеге асыру үшін талантты алаяқтардан құралған команда жинайды.
Алайда олардың жолы оңай болмайды: жаңа технологиялар, күрделі алаяқтық тәсілдер, күтпеген қауіптер мен кез келген сәттегі әшкерелену қаупі оқиғаны одан сайын шиеленістіре түседі. Сенімге құрылған ойын бірте-бірте аман қалу үшін күреске айналады. Бұл фильм қарқынды сюжет пен заманауи алаяқтық схемаларын ұнататын көрерменге арналған.
«Тамерлен» — 9 сәуір
Сәуірдің ең ауқымды жобаларының бірі — «Тамерлен». Бұл - АҚШ, Қазақстан және Өзбекстан елдері бірігіп таспалаған тарихи жанрдағы халықаралық деңгейдегі картина. Жоба 120 елде прокатқа шығатыны айтылып отыр, ал бұл оны сәуір айындағы ең маңызды премьералардың біріне айналдырады. Режиссері - Джейкоб Шварц.
Фильм оқиғасы 1360 жылдардағы Ұлы Жібек жолы дәуіріне алып барады. Монғол империясы ыдырағаннан кейін бір кездері Шығыс пен Батысты байланыстырған сауда жолы күйреп, гүлденген қалалар қирап, бүкіл аймақ бейберекет күйге түседі. Осындай тарихи кезеңде тағдыр мен билік үшін күрес басталады.
Айта кетерлігі, экшн сахналарында қазақстандық Nomad Stunts каскадерлік тобы жетекшілік еткен. Сондықтан фильмнен ауқымды шайқастарды, сапалы қойылған трюктерді және халықаралық деңгейдегі көріністерді күтуге болады.
«Туысқан» — 9 сәуір
Көрерменге тағы бір эмоциялық тұрғыдан салмақты туынды — «Туысқан» ұсынылады. Фильмнің басты идеясы өте таныс әрі жүрекке жақын: «Әр әулеттің ішінде айтылмай жүрген әңгіме бар…»
Әке өмірден өткеннен кейін бір әулеттің ішкі қарым-қатынасы күрт өзгереді. Жылдар бойы жасырылып келген реніш, құпия және туыстардың шынайы болмысы біртіндеп ашыла бастайды. Картина отбасылық қатынас, мұра, өкпе-реніш пен ағайын арасындағы шынайы сезімдерді көтеретін әлеуметтік драма болуы мүмкін.
«Періште» — 16 сәуір
«Періште» — сәуір айындағы ең әсерлі драмалардың бірі болуға үміткер. Басты кейіпкер Айжан — шағын ауылдан үлкен қалаға оқуға келген жас қыз. Ол еркін өмірді, үлкен махаббатты және өз бақытына сенуді армандайды. Ата-анасынан жасырын тұрмысқа шыққан ол отбасылық бақытқа қол жеткіздім деп ойлайды. Бірақ көп ұзамай күйеуі туралы күтпеген шындық ашылып, оның өмірі күрт өзгереді.
Қайғылы оқиғадан кейін Айжанның тағдырына өзі күтпеген, өзі таңдамаған балалар араласады. Сөйтіп бұл фильм — өмірдің ауыр сынақтарына қарамастан тағдырды қабылдауға мәжбүр болған әйелдің хикаясына айналады. «Періште» әйел тағдыры, ана болмыс, жауапкершілік және өмірдің тосын бұрылыстары туралы терең драма ретінде көрермен жүрегіне жол табуы мүмкін.
«Алдар: Махаббат туралы аңыз» — 23 сәуір
Сәуірдің ең қызық премьераларының бірі — «Алдар: Махаббат туралы аңыз». Бұл фильмде көрермен қазақ фольклорының танымал бейнесі Алдарды мүлде жаңа қырынан көреді.
Аңыз бойынша, Алдар — көмек керек жерде аяқ астынан пайда болып, адамдарға қиын сәтте жол көрсететін жұмбақ кейіпкер. Ал бұл жолы ол қазақ даласындағы күрделі тарихи кезеңде тағдыр шешетін миссия атқарады.
Көшпелі хандықтар дәуірінде қазақтар мен ойраттар арасындағы шиеленіс күшейеді. Қазақ ханының ұлы тұтқынға түсіп, оны босату үшін жау жағы өте қиын шарт қояды. Мұрагерді құтқарып, қарсы жақтың шын ниетін білу үшін хан ең айлакер адам — Алдарды аттандырады. Алайда тұтқында күтпеген жағдай орын алады: жас ханзада ойрат билеушісінің қызына ғашық болады. Бұл тыйым салынған махаббат олардың өміріне қауіп төндіріп, екі ел арасындағы соғыс қаупін күшейтеді.
«Мүшел жас» — 23 сәуір
Картинада мүшел жасын өткеріп жатқан бір отбасы өздерін мазалаған отбасылық қарғысты жою үшін туған ауылына аттанады. Олардың мақсаты — өтпелі кезеңді аман-есен еңсеру.
Қазақы танымдағы мүшел жас ұғымын, ырым мен сенімді, әулеттік құпияларды және отбасы арасындағы байланысты арқау еткен бұл фильм мистикалық драма не психологиялық туынды ретінде қызығушылық тудырады.
«Мен үшін өмір сүр» — 30 сәуір
Фильмнің негізгі тақырыптары — достық, адамға қорған болу, қиын сәтте жанынан табылу, қолдау көрсету және қандай жағдай болмасын адамдық қалпыңды жоғалтпау.
Қазіргі қоғамда мейірім, жанашырлық пен нағыз достық туралы әңгімелер өте маңызды. Сондықтан бұл туынды өмірлік құндылықтарды алға шығаратын, ой салатын фильмдердің бірі болуы ықтимал.
«Шымыр» — 30 сәуір
Алғаш қарағанда Шымыр — ауылдан келген қарапайым, денелі, ешкімге ерекше көрінбейтін қазақ жігіті. Бірақ оқиға өрбіген сайын оның шын мәнінде ерекше жауынгерлік қабілеті бар халық қаһарманы екені белгілі болады.
Ол қалаға тракторына қажетті бір бөлшек алу үшін келеді. Алайда сапары күтпеген жерден қанды қақтығыстарға, букмекерлік мафиямен соғысқа ұласады. Қарызға белшесінен батқан досы Елдос өзіне қол жұмсап, артында отбасын аман алып қалу жауапкершілігін Шымырға жүктеп кетеді.
Осыдан кейін Шымыр әділдікті қалпына келтіру үшін мафияға қарсы жалғыз соғыс ашады. Ол жемқор шенеуніктер мен қауіпті қылмыскерлерді біртіндеп жойып, ақырында қаланы қатыгез топ басшысынан тазартады. Сонымен бірге Елдостың қызы Айсұлуды да құтқарып қалады.