Қазақстандық музыкант Sadraddin тыңдарманына тағы бір ерекше туындысын тарту етті. Поп орындаушы өзінің жаңа «Altynym» әніне түсірілген ресми бейнебаянның тұсауын кесіп, махаббат тақырыбын нәзік әрі кинематографиялық атмосферада өрбітті. Еске салсақ, аталмыш композиция әншінің жуырда жарық көрген ZEIIN альбомына енген туындылардың бірі.
ZEIIN альбомы шыққан сәттен-ақ үлкен қызығушылыққа ие болғаны рас. Ән жинақтағы бірнеше ән цифрлық платформалардағы музыкалық чарттардың жоғарғы орындарына көтеріліп, әсіресе Қазақстан мен ТМД елдеріндегі тыңдарман арасында кеңінен таралып келеді.
Ал «Altynym» бейнебаяны әннің нәзік эмоциясын көркем визуалмен толықтыра түседі. Клиптің өзегінде бір-біріне деген шынайы сезім, адалдық пен жақын адамды бағалау идеясы жатыр. Жылы түстер палитрасы, табиғи кадрлар мен кейіпкерлер арасындағы үнсіз эмоциялар әннің романтикалық көңіл күйін айрықша аша түседі. Бейнебаян көрерменді әсерлі оқиғаға жетелеп, махаббаттың ең қарапайым сәттерінің өзі ерекше екенін еске салады.
Соңғы жылдары Sadraddin Орталық Азиядағы ең танымал жас орындаушылардың біріне айналды. Оның шығармалары миллиондаған тыңдалым жинап, жаңа туындылары әрдайым музыкалық платформалардағы үздік плейлистер мен чарттардан көрініп келеді. «Altynym» да сол қатарға қосылып, әншінің романтикалық репертуарын толықтырған әсерлі композициялардың біріне айналуы әбден мүмкін.