Аборт мәселесі — бүгінгі әлемдегі ең өткір әрі ең көп пікірталас тудыратын тақырыптардың бірі. Ол саясат, дін, медицина және адам құқықтары тоғысқан күрделі кеңістікте тұр. Біреулер үшін бұл — әйелдің өз денесіне өзі иелік етуге қатысты іргелі құқығы, ал енді біреулер үшін — өмірді қорғау мәселесімен байланысты терең этикалық дилемма. Алайда идеология мен ұрандардың ар жағында нақты адамдардың тағдыры тұр: шешімі өзі өмір сүріп отырған елдің заңына тікелей тәуелді болатын миллиондаған қыз-келіншек бар. Бүгін Harper’s BAZAAR Kazakhstan әлемдегі абортқа қатысты құқықтық жағдайға тоқталады: қай елдерде әйелдерге жүктілікті үзуге рұқсат етіледі және қандай шарттармен, ал қай мемлекеттерде бұл қатаң түрде тыйым салынған? Иә, кейбір елдерде заңды бұзғаны үшін қолданылатын жаза өте қатал.
Қай елдерде абортқа рұқсат етілген?
Дамыған елдердің басым бөлігінде аборт заңды түрде рұқсат етілген. Көп жағдайда әйел жүктіліктің ерте кезеңінде өз қалауы бойынша жүктілікті үзе алады (әдетте 10–24 аптаға дейін). Мұндай елдердің саны шамамен 67-ге жуық.
Еуропа
- Франция — әйелдің қалауы бойынша 14 аптаға дейін рұқсат етілген (бұл құқық конституциялық деңгейде бекітілген).
- Германия — 12 аптаға дейін, бірақ міндетті кеңес алудан кейін ғана.
- Ұлыбритания — 24 аптаға дейін, дәрігерлердің мақұлдауымен.
- Швеция — заңмен белгіленген мерзім шегінде еркін қолжетімді.
Иә, Еуропа қауіпсіз абортқа қолжетімділік деңгейі ең жоғары аймақтардың бірі саналады.
Солтүстік Америка
- Канада — ерекше жағдай: мұнда аборт толықтай қылмыстық жауапкершіліктен шығарылған. Федералдық деңгейде нақты мерзім белгіленбеген, яғни бұл мәселе қылмыстық құқықпен емес, медицина саласымен реттеледі.
- АҚШ — жағдай біркелкі емес: кейбір штаттарда абортқа қолжетімділік бар (Калифорния, Нью-Йорк және т.б.), ал енді бірқатарында ол тыйым салынған немесе қатаң шектелген (Алабама, Арканзас және т.б.).
Азия және Океания
- Қытай — абортқа рұқсат етілген, кеңінен қолжетімді.
- Жапония — әлеуметтік-экономикалық себептерге байланысты рұқсат етіледі.
- Аустралия — ел аумағында заңды, бірақ нақты ережелер штаттарға байланысты аздап өзгереді.
ТМД елдері
- Қазақстан — белгілі бір мерзімге дейін әйелдің қалауы бойынша рұқсат етілген, алайда міндетті кеңес беру қарастырылған. Кейінгі мерзімдерде бірқатар қосымша шарттар қолданылады. Әйелдің қалауы бойынша — 12 аптаға дейін. Әлеуметтік себептермен (мысалы, зорлау, күйеуінің қайтыс болуы және т.б.) және медициналық көрсеткіштер бойынша — 22 аптаға дейін.
- Ресей, Әзербайжан және Өзбекстан — әйелдің қалауы бойынша белгілі бір мерзімге дейін рұқсат етіледі. Кейінгі кезеңдерде, Қазақстандағыдай, міндетті кеңес беру және қосымша талаптар қарастырылған.
Алайда, бұл елдерде де белгілі бір шектеулер бар екенін ұмытпаған жөн: нақты мерзімдер, міндетті кеңес алу, кей жағдайда күту кезеңдері.
Ішінара рұқсат етілген елдер
Бұл — абортқа қатысты заңнамасы ең кең таралған санаттардың бірі. Әлемде шамамен 100-ге жуық елде абортқа тек белгілі бір жағдайларда ғана рұқсат етіледі.
Мұндай елдерде жүктілікті үзу көбіне мынадай негіздер болғанда ғана мүмкін:
- әйелдің өміріне немесе денсаулығына қауіп төнсе;
- жүктілік зорлау немесе инцест салдарынан болса;
- ұрықтың дамуында ауыр патологиялар анықталса;
- кей жағдайда әлеуметтік-экономикалық себептермен (сирек кездеседі).
Мысал ретінде
- Польша — Еуропадағы ең қатаң заңнамалардың бірі. Іс жүзінде аборт тек әйел өміріне қауіп төнгенде немесе жүктілік жыныстық зорлық-зомбылық салдарынан болған жағдайда ғана рұқсат етіледі.
- Мексика — жағдай штатқа байланысты өзгереді: елдің көп бөлігінде абортқа рұқсат бар, алайда кейбір өңірлерде ол тек медициналық себептермен ғана мүмкін.
- Бразилия — аборт зорлау жағдайында, әйел өміріне қауіп төнгенде және кейбір медициналық көрсеткіштер болған кезде рұқсат етіледі.
- Үндістан — аборт медициналық және әлеуметтік себептермен рұқсат етілген, бірақ бұл процесс көбіне күрделі бюрократиялық рәсімдермен қатар жүреді.
Құқық бар, бірақ қолжетімділік әрдайым бірдей емес
Тіпті жасанды түсік заң жүзінде рұқсат етілген елдердің өзінде де оған қол жеткізу оңай бола бермейді. Бұған:
- клиникалардың жетіспеуі;
- қоғам тарапынан қысым:
- бюрократиялық кедергілер сияқты факторлар әсер етеді.
Соның салдарынан бұл құқық құжат жүзінде болғанымен, шынайы өмірде әрдайым толық іске аса бермейді.
Қай елдерде абортқа толық тыйым салынған?
Әлемде абортқа қатысты заңдар біртіндеп либералданып жатқанымен, әлі күнге дейін жүктілікті үзуге ешқандай жағдайда рұқсат берілмейтін елдер бар. Мұндай мемлекеттердің саны шамамен 20–24. Олардың қатарында Сальвадор, Никарагуа, Гондурас, Мальта (жақында белгілі бір жеңілдіктер енгізілген), сондай-ақ Африканың бірқатар елдері бар. Кей елдерде бұл тыйымды бұзған әйелдер мен дәрігерлерге қылмыстық жаза қарастырылған. Кейде бұл жаза ұзақ мерзімге түрмеге қамауға дейін барады. Мәселен, Сальвадорда 1998 жылдан бері абортқа қатысты заңда ешқандай ерекшелік жоқ — тіпті ананың өміріне қауіп төнген жағдайда да. Ең алаңдатарлығы — кейбір жағдайларда түсік тастаған немесе өлі бала туған әйелдердің өзі қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Кейде оларға ауырлататын мән-жайдағы қасақана кісі өлтіру айыбы тағылып, 30–40 жылға дейін бас бостандығынан айырылу қаупі туады. Осындай резонансты оқиғалардың бірі — Теодора Васкес ісі. 2007 жылы ол жүктіліктің соңғы кезеңінде баласынан айырылғаннан кейін, дәрігерлер бұл жағдайды қасақана әрекет деп бағалап, полиция шақырған. Соның нәтижесінде әйел 30 жылға сотталды. Тек құқық қорғаушылар мен белсенділердің көпжылдық күресінен кейін ғана ол 10 жылдан соң бостандыққа шықты. Бұл оқиға абортқа қатысты қатаң заңдардың әйелдер өміріне қандай ауыр салдар әкелуі мүмкін екенін айқын көрсетеді.
Мария Терезаға қатысты оқиға да қоғамда үлкен резонанс тудырды. Ол өзінің жүкті екенін тек денсаулығында күрделі асқыну — қан құйылу болғаннан кейін ғана білген. Соған қарамастан, билік оны 40 жылға соттады. Кейін құқық қорғау ұйымдарының араласуымен іс қайта қаралып, 2016 жылғы 20 мамырда сот дәлелдердің жеткіліксіз екенін мойындап, әйелді босатты. Ол сол уақытқа дейін төрт жылын түрмеде өткізген еді. Эвелин Эрнандеске қатысты іс те Сальвадордағы абортқа байланысты заңдардың қаншалықты қатаң екенін көрсетті. Оның сөзінше, өзін жергілікті қылмыстық топ мүшелерінің бірі зорлаған. Сол себепті жүкті болып қалғанымен, ол мұны бірден білмеген. Тек түсік тастағаннан кейін ғана жағдай анық болған. Алайда прокурорлар бұл нұсқаға сенбей, оны нәрестені қасақана өлтірді деп айыптауға тырысқан. Эрнандеске де 40 жылға дейінгі жаза қаупі төнді. Бақытына қарай, әйелдер құқығын қорғаушылар мен белсенділердің араласуының арқасында ол түрмеге қамалмай, мерзімнен аман қалды.
Неліктен абортқа қатысты заңдар әр елде әртүрлі?
Абортқа қатысты заңдардың әлем бойынша әртүрлі болуы кездейсоқ емес. Бұл — дін, саясат, медицина және әйелдердің қоғамдағы орны сияқты бірнеше маңызды фактор тоғысқан күрделі мәселе. Дін мен дәстүр — ең ықпалды себептердің бірі. Католиктік немесе исламдық құндылықтар басым елдерде абортқа қатысты заңдар көбіне қатаңырақ болады, ал кей мемлекеттерде ол мүлде тыйым салынған.
Саясат та үлкен рөл атқарады. Билік ауысса, заң да өзгеруі мүмкін. Мысалы, АҚШ-та аборт құқығын федералдық деңгейде қорғайтын шешімнің күші жойылғаннан кейін, бұл мәселе әр штаттың өз заңына тәуелді болып қалды. Медицинаның даму деңгейі де маңызды. Денсаулық сақтау жүйесі мықты елдерде аборт көбіне қылмыс емес, медициналық қызмет ретінде қарастырылады. Мұндай елдерде басты назар жазалауға емес, қауіпсіздік пен әйел денсаулығына аударылады. Ал әйелдердің қоғамдағы мәртебесі неғұрлым жоғары болған сайын, абортқа қатысты заңдар да соғұрлым жұмсақ әрі таңдау еркіндігін көбірек мойындайды.
Тыйым мәселені шешпейді — оны тек қауіпті етеді
Ашығын айту керек: абортқа қойылған тыйым немесе қатаң шектеулер әйелдердің жүктілікті үзуін тоқтатпайды. Олар тек бұл процесті қауіпті, жасырын және денсаулыққа зиян ететін жағдайға айналдырады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, абортқа қатаң шектеу қойылған елдерде мұндай процедуралардың тек төртеуінің бірі ғана қауіпсіз жағдайда жасалады. Ал заңнамасы либералды мемлекеттерде бұл көрсеткіш онның тоғызына жуық. Қауіпсіз емес аборттар ауыр қан кету, инфекция, бедеулік және өлімге дейін апаруы мүмкін. Жыл сайын әлемде осындай қауіпті араласулардың салдарынан ондаған мың әйел қаза табады. Мұндай шектеулер ең қатты әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға әсер етеді: табысы төмен әйелдерге, ауылдық жердегі қыз-келіншектерге және жасөспірімдерге. Өйткені олардың қауіпсіз медициналық көмекке қол жеткізу мүмкіндігі әлдеқайда аз. Бұдан бөлек, заңсыз немесе жасырын жасалған аборттардың салдарын емдеу денсаулық сақтау жүйесіне де ауыр салмақ салады. Бұл мемлекеттерге жыл сайын жүздеген миллион доллар шығын келтіреді. Сондықтан ДДҰ қауіпсіз абортқа қолжетімділікті шектеуді тек медициналық емес, сонымен бірге әйел құқықтарына қатысты мәселе деп қарастырады — атап айтқанда, денсаулыққа, жеке өмірге және теңдікке деген құқықтың шектелуі ретінде.
Бұл — жеке таңдау ғана емес, қоғамның да айнасы
Әлем аборт құқығына қатысты ортақ пікірге әлі келген жоқ — және, бәлкім, ешқашан толық келісімге келмеуі де мүмкін. Бірақ бір нәрсе анық: әйелдерге қауіпсіз абортқа қолжетімділік берілмейтін елдерде бұл шешімнің салдары тек саясатпен өлшенбейді. Оның бағасы — адам өмірі, денсаулық және болашақ. Өйткені бұл мәселе тек бір медициналық процедура туралы емес. Бұл — өз денеңе иелік ету, болашағыңды жоспарлау, қауіпсіз медициналық көмекке қол жеткізу, тіпті әлеуметтік және экономикалық теңдік туралы. Абортқа қолжетімділік бар қоғамдарда әйелдер көбіне білім алып, мансап құрып, өз өмірінің бағытын өзі таңдауға көбірек мүмкіндік алады. Ал тыйымдар, тәжірибе көрсеткендей, жүктілікті үзу қажеттілігін жоймайды — олар тек оны қауіпті, жасырын және кейде өлімге әкелетін жолға итермелейді. Сол себепті бұл тақырыпқа тек моральдық не саяси пікірталас ретінде емес, әйелдердің қауіпсіздігі, құқығы және өмір сапасы туралы мәселе ретінде қарау маңызды.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.