Бүгінде неке — ұзақ әрі салауатты қарым-қатынастың жалғыз кепілі емес, солай емес пе? Паспорттағы мөрсіз-ақ бір-біріне адал болып, берік одақ құрып жүрген жұптар аз емес. Ендеше, ресми некеге тұрмаса да, үлгілі отбасы моделін көрсетіп жүрген ең мықты жұлдыз жұптарға назар аударайық.
Крис Дженнер мен Кори Гэмбл
Екі рет тұрмыс құрған әйгілі «мамаджер» Крис Дженнер сүйіктісі Кори Гэмблмен 2014 жылдан бері бірге. Сол кезде жанкүйерлер алғаш рет олардың үйленуі мүмкін екенін талқылай бастаған еді. Біраз жылдан кейін Крис көпшілік алдына жүзік тағып шығып, бұл қауесетті өзі де қыздыра түсті. Алайда, шамасы, мұның бәрі тек алыпқашпа әңгіме ғана болған.
«Маған ұзын ақ көйлек киіп, қайтадан неке қию рәсімінен өтудің қажеті жоқ. Мен мұны бір кездері бастан өткергенмін», — деген еді Кардашьян–Дженнер әулетінің басшысы.
Опра Уинфри мен Стедман Грэм
Қос танымал тұлға 1986 жылы қайырымдылық шарасында танысқан. Дәл сол жылы «Опра Уинфри шоуының» тұсауы кесілген болатын. Содан бері қос ғашық тіпті құда түсіп те үлгерген, бірақ көп ұзамай тележүргізуші неке өзіне керек дүние емес екенін түсінген.
«Мен оның мені сүйетінін, мен оның жары болуға лайық екенімді білгім келді. Бірақ мен некені сақтап тұру үшін қажет болатын құрбандықтарға, ымыраларға және күнделікті міндеттерге дайын болмадым», — деген еді Опра.
Вайнона Райдер мен Скотт Маккинлей Хан
Актриса дизайнер Скотт Маккинлей Ханмен шамамен 15 жылға жуық уақыттан бері бірге, бірақ әлі күнге дейін бұл қарым-қатынасты ресми түрде заңдастырмаған. Мұндай ұстанымының себебін жұлдыз ата-анасының берік некесімен байланыстырған. Олар 45 жылдан астам уақыт бірге өмір сүріп келеді.
«Білмеймін... Меніңше, бірнеше рет ажырасқаннан гөрі, мүлде тұрмыс құрмаған дұрыс», — дейді Вайнона.
Роузи Хантингтон-Уайтли мен Джейсон Стэйтем
Араларында 20 жыл жас айырмашылығы болғанына қарамастан, модель мен актер 15 жылдан астам уақыт бірге өмір сүріп келеді және жеке өмірлерін көпшілікке жария етпеуге тырысады. Жұптың екі баласы бар, алайда әзірге некеге тұруға асығар емес. Дегенмен, атақтылар 2016 жылдың басынан бері сөз байласқанын атап өткен жөн.
Роузидің айтуынша, ол үшін ең маңыздысы — бақытты қарым-қатынаста болу.
«Меніңше, үйленуге әлі де уақыт табылады. Біз ұзақ уақыт бойы жұмысымызға ден қойдық, кейін Джек дүниеге келді. Әрине, бұл туралы сөйлесеміз және лайықты сәтті күтіп жүрміз», — деп бөліскен еді Хантингтон-Уайтли бірнеше жыл бұрын.
Курт Рассел мен Голди Хоун
Ресми некеге тұрмаған жұлдыз жұптардың ішінде ең берік одақтардың бірі дәл осылар болуы мүмкін. Олар алғаш рет Курт Рассел 16 жаста, ал Голди Хоун 21 жаста болғанда танысқан. Алайда тағдыр оларды 16 жылдан кейін ғана қайта табыстырды — «Қосымша ауысым» фильмінің түсірілім алаңында.
Содан бері Голди мен Курт ажырамастай бірге. Олар актрисаның алдыңғы некесінен туған балаларын тәрбиелеп, кейін ортақ бала сүйді.
«Маған күн сайын оянып, оның қасымда екенін көру, және менде таңдау бар екенін сезіну ұнайды. Шынын айтсам, тұрмысқа шығуға ешқандай себеп көріп тұрған жоқпын», — деген еді бір сұхбатында Голди.
Кортни Кокс пен Джонни Макдэйд
Өнер адамдары он жылдан астам уақыттан бері бірге. Оларды 2013 жылы Эд Ширан бір кеште таныстырған. Бір жылдан кейін жұп сөз байласқанымен, 2015 жылдың желтоқсанында некелесу жоспарынан бас тартты. Біраз уақыттан соң Кортни мен Джонни бір-біріне жаралғанын түсініп, қайта қосылды. Алайда әзірге той жайлы әңгіме жоқ.
Вин Дизель мен Палома Хименес
Актер мен мексикалық модель 2007 жылдан бері бірге. Қазір олардың үш баласы бар: Хания, Винсент және Паулина. Вин Дизель мен Палома қарым-қатынастары жайлы көпшілік алдында сирек айтады. «Форсаж» жұлдызы жеке өмірінің құпия болғанын жөн көреді.
«Басқа актерлер секілді отбасымды журнал мұқабасына шығарғым келмейді. Мен Харрисон Форд, Марлон Брандо, Роберт Де Ниро, Аль Пачино сияқты адамдармен бір буыннанмын. Бізде үнсіздік кодексі бар», — деген еді актер.
Тильда Суинтон мен Сандро Копп
Актриса мен жаңазеландиялық суретші Сандро Копп «Нарния шежіресі» фильмінің түсірілімінде танысқан. Содан бері олар 22 жыл бойы бірге келеді. Ерлі-зайыпты болмаса да, жұп Тильданың алдыңғы қарым-қатынасынан туған екі баласын бірге тәрбиеледі.
Айтпақшы, бір кездері Тильда Суинтон, Сандро Копп және актрисаның бұрынғы жары Джон Бирн үшеуі бір шаңырақ астында тұрған. Иә, ресми некеге тұрмаған жұлдызды жұптардың арасында өзгеше өмір салтын таңдағандары да бар.
«Біз — бір отбасы. Бұл — саналы әрі ақылға қонымды келісім. Кейбіреулерге мұны түсіну қиын болуы мүмкін, бірақ біз үшін бұл формат жұмыс істейді», — деген еді сол кезде Тильда.
Автор. Harper’s BAZAAR Kazakhstan.