Бүгінде әлеуметтік желілерде зумерлердің 9-дан 5-ке дейінгі жұмысты қалай романтизациялайтыны жайлы видеолар қаптап кетті. Қызметкерлер жұмыс орнын қалай көркейтуге, әріптестермен көңілді кофе-брейк ұйымдастыруға немесе үзілісте автотұрақта сәл көз ілуге болатынын көрсететін контент жариялайды. Мұндай роликтер еңбек күні шын мәнінде сәл бейқам өтуі мүмкін екенін аңғартады, деп жазады Harper's BAZAAR. Алайда сарапшылар мұның тек әдемі контент жасауға ғана қатысты емес екеніне сенімді. Harper’s BAZAAR Kazakhstan бұл әлеуметтік тренд туралы білуге тиіс маңыздының бәрін баяндайды.
Әлемдегі тұрақсыз экономикалық ахуал көпшілікті ойландырады. COVID-19 дәуірінде еңбек жолын бастаған зумерлер әлі экономикалық дағдарысты бастан өткерген жоқ, сондықтан бұл кезеңді өздері үшін барынша жағымды ету жолдарын іздейді. Әрине, көпшілік «өмір сүру үшін жұмыс істе, жұмыс істеу үшін өмір сүрме» деген тіркесті естіген. Бірақ Z буыны осы қағиданы іс жүзінде қолдана бастағандардың алғашқыларының бірі. Олар жұмыс күнін барынша бәсең, жеңіл етуге тырысады, ал бейнероликтер әлеуметтік желілерден пікірлес табуға жәрдемдеседі.
Сонымен бірге, әлемдік пандемиядан кейін көпшілік кеңседегі жұмыс ұғымын расымен қайта қарастырғанын атап өткен жөн. Кейбір компаниялар кеңсеге қайтып оралуды таңдағандықтан, олардың қызметкерлеріне енді жұмыстан кету тілегі мен еңбек процесі арасынан тепе-теңдік іздеуге тура келіп отыр. Әдетте психологтар бас тартуға кеңес беретін романтизация бұл жағдайда құтқарушы дөңгелек іспетті. Ол жұмыстың өмірдің өзегі еместігін еске салумен қатар, жұмыс күндерін көңілді де еркін өткізуге көмектеседі.
Зумерлер 9-дан 5-ке дейінгі жұмысты романтизацияласа да, зейін мен жұмысқа қабілетін жоғалтпайды. Күнделікті ұсақ рәсімдер кеңседегі тұрмысты әрлеп, керісінше, шамадан тыс шаршамай-ақ тапсырмаларға көңіл бөлуге жәрдемдеседі. Кейбірі мұндай практика оларға қызметте жылдамырақ өсуге көмектескенін айтады.
Кино индустриясы кезінде бізге кеңседе еңбек ететін іскер де табысты әйелдердің бейнесін ұсынды. Z буыны бұл түсінікті өзгертіп жатыр. Енді «Сен — жұмысың емессің» деген ұран жай ғана сөз емес, жастар өмірінің өзегіне айналған тұжырымдама. Әлеуметтік желідегі бұл тренд түптің-түбінде қызметкерлерге корпоративтік мәдениетпен тіл табысуға әрі оны түрлендіруге көмектеседі. Желідегі тәжірибе алмасу үйреншікті дүниеге сан қырынан қарауды үйретеді. Бұл — сөзсіз плюс.
Автор. Мария Бурлака. Аударған. Гүлдана Мұқан.