Режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» фильмі Қазақстан атынан 2027 жылы өтетін 99-шы «Оскар» сыйлығына ұсынылды. Картина «Үздік халықаралық толықметражды фильм» санаты бойынша бақ сынайды. Бұл туралы Қазақстан киногерлер одағы жанындағы Қазақстанның Оскар комитеті мәлімдеді. Фильм оқиғасы 1993 жылы, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі Қазақстанда өрбиді. Басты кейіпкер — өмір бойы ұжымшарда еңбек еткен шопан Әбіл. Шаруашылық таратылып, жекешелендіру басталған тұста ол көп жылғы еңбегінің өтеуі ретінде өзіне тиесілі үлесті алуға тырысады.Басты рөлді Ерлан Төлеутай сомдаған.
Фильмнің қоюшы операторы — польшалық маман Йоланта Дылевска. «Әбіл» бұған дейін Пусан халықаралық кинофестивалінде көрсетіліп, Франциядағы Везуль халықаралық Азия кинофестивалінде Бас қазылар алқасының жүлдесіне ие болған. Туынды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген. Енді фильмнің «Оскардың» келесі кезеңіне өту-өтпеуін Америка киноакадемиясы анықтайды. Еске салсақ, «Әбіл» картинасы отандық кинотеатрларында 2026 жылдың маусым айында прокатқа шыққан болатын.