Егер сіз сұлулық күтіміңізге саналырақ қарап, beauty-рутинаңызды барынша қауіпсіз етуге тырыссаңыз, тырнаққа арналған лактардан мүлде бас тарту керек секілді көрінуі мүмкін. Алайда бүгінде көптеген брендтер «уытсыз» немесе «қауіпсізірек» формулалар ұсынатынын айтады. Бірақ бұл шын мәнінде нені білдіреді? Осыған бірге тоқталайық.
«Уытсыз лак» нені білдіреді?
Әдетте бұл атау құрамында бұрын маникюр өнімдерінде жиі қолданылған кейбір химиялық заттар жоқ лактарға қатысты айтылады. Олардың қатарына мыналар жатады: формальдегид, толуол, дибутилфталат, формальдегид шайыры, камфора, ксилол және трифенилфосфат. Бұл компоненттер тыныс жолдарын тітіркендіруі, гормоналды тепе-теңдікке әсер етуі және ұзақ мерзімде денсаулыққа кері ықпал етуі мүмкін.
Дегенмен маңызды бір жайт бар: «non-toxic» («уытсыз») деген термин ресми түрде реттелмейді. Яғни бұл — медициналық немесе ғылыми нақты санат емес, көбіне маркетингтік белгі ғана. Өйткені тырнаққа арналған лак, қандай болғанда да, тырнақтың кератин қабатына берік жабысып тұруы тиіс химиялық өнім болып қала береді.
Сондықтан мамандардың айтуынша, толықтай уытсыз лактар жоқ. Бірақ шынында да құрамы анағұрлым қауіпсіздеу, жұмсақ формулалар пайда болды.
3-free, 5-free және 10-free деген таңбалар нені білдіреді?
Лак қаптамаларында мұндай таңбалауды барған сайын жиі көреміз. Бұл құрамнан ықтимал зиянды ингредиенттердің белгілі бір саны алынып тасталғанын білдіреді.
Сан қаншалық көбірек болса, формуладан соншалық көп зат алынып тасталған. Сондықтан мүлде уытсыз лак болмаса да, қазіргі нұсқалардың құрамы әлдеқайда жұмсақ болуы мүмкін.
Неліктен қауіпсіздеу формулаларды таңдаған дұрыс?
Кәдімгі лактардағы кейбір заттар тырнақ табақшасы арқылы ағзаға өтуі немесе жағу кезінде тыныс арқылы ішке түсуі ықтимал.
Лакты анда-санда ғана жағатын көпшілік үшін қауіп өте төмен болып қалады. Алайда жүйелі әсері едәуір маңыздырақ болуы мүмкін. Әсіресе күн сайын лакпен жұмыс істейтін маникюр шеберлері, жүкті әйелдер, сондай-ақ астмасы бар, химиялық заттарға аса сезімтал, экземасы немесе контактты дерматиті бар адамдар үшін.
Бұдан бөлек, жұмсақтау формулалар әдетте тырнақ табақшасын және оның айналасындағы теріні азырақ құрғатады. Бұл микрожарықшақтардың пайда болу қаупін азайтып, тырнақтарды саңырауқұлақтық инфекцияларға азырақ осал етеді.
Гель-лак уытсыз бола ала ма?
Гель-лактар да қауіпсіздеу болуы мүмкін, бірақ бәрі құрамына байланысты. Кейбір ингредиенттер — мысалы, акрилаттар мен метакрилаттар — аллергиялық реакциялар тудыруы мүмкін. Әсіресе заттар HEMA және HPMA кейде контактты дерматитке себеп болады.
Тағы бір мәселе бар: гель-лакты агрессивті түрде кетіру тырнақ табақшасын жұқартып, уақыт өте келе тырнақты әлсіретуі мүмкін. Сондықтан мамандар жұмсақ жүйелерді және қаптаманы ұқыпты түрде алуды ұсынады.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.