Қазақстандық өнерпаздардың есімі әлемдік сахнада жиі атала бастады. Солардың бірі — талай жылдан бері АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында тұратын музыкант әрі композитор Дана Зұлпыхар. Өнерпаз Netflix платформасында жарық көрген «Аватар: Аңызға айналған Аанг» (Avatar: The Last Airbender) сериалының музыкалық жұмысына қатысқанын айтып, қуанышты жаңалығымен бөлісті.
Дананың желідегі жеке ақпараттарына сүйенсек, ол жобаға арнайы домбыра мен қобыз партияларын жазған. Қазақтың ұлттық аспаптарының үні әлемге танымал франшизаның жаңа экрандық нұсқасында естілуі — отандық музыка үшін де, қазақстандық өнерпаздар үшін де ерекше жетістік.
«Netflix-тің «Аватар: Аңызға айналған Аанг» сериалына домбыра мен қобыз жазу — мен үшін үлкен мәртебе», — деп бөлісті музыкант өзінің Instagram парақшасында.
Дана Зульпыхар — тек орындаушы ғана емес, музыка арқылы қазақ мәдениетін әлемдік аудиторияға таныстырып жүрген жас композиторлардың бірі. Ол дәстүрлі аспаптардың дыбысын заманауи музыкалық тілмен үйлестіріп, этно, cinematic және эксперименталды бағыттағы жобаларда жұмыс істейді. Оның шығармашылығында ұлттық үн мен халықаралық саундтың тоғысуы ерекше байқалады.
Айта кетейік, Дана таяуда ғана әлемдегі ең ірі музыкалық фестивальдердің бірі — Coachella сахнасында өнер көрсеткен қазақстандық музыкант ретінде де көпшіліктің назарын аударды. Бұл оның халықаралық музыка индустриясындағы орнын айқындай түскен маңызды сәттердің бірі.