«Қорқыныштан арылып, алға қадам басатын сәт»: Yenlik жаңа sät синглін ұсынды
Фото. Instagram @yenleak.

«Қорқыныштан арылып, алға қадам басатын сәт»: Yenlik жаңа sät синглін ұсынды

Гүлдана Мұқан
03 сентября 2026

Yenlik музыкалық плейлистімізге тағы бір трек қосуға себеп берді. Әнші жаңа «sät» синглін жарыққа шығарды. Бұл жолы өнерпаз тыңдарманын асықпай, дәл қазір болып жатқан сәттің дәмін сезінуге шақырады.

Жеңіл әрі еркін әуенге құрылған композиция жаңа күн, жаңа кезең және алда күтіп тұрған өзгерістер туралы. Бірақ «sät» тек алға ұмтылуды дәріптемейді. Керісінше, кейде тоқтап, айналаңа көз жүгіртіп, өзіңнің дәл қазір қай жерде тұрғаныңды сезінудің де маңызды екенін еске салады. Yenlik-тің айтуынша, әннің идеясы алғашқы ноталармен бірге келген. Бұл жолы музыкант бұрынғы жұмыстарынан өзгеше көңіл күйді — ішкі еркіндікті, жеңілдікті және жаңа белестің алдында пайда болатын ерекше толқуды музыка арқылы жеткізгісі келген. Тректің музыкалық продакшнына DLN жауап берді.

«Маған осы еркіндік пен жеңілдік сезімін сақтап, адамның ішінде жаңа күнді, жаңа кезеңді, жаңа белесті сезінгенде көбелектер ұшып жүргендей болатын сәтін жеткізгім келді», — дейді Yenlik.

Ал ән атауындағы «сәт» ұғымының өзі музыкант үшін ерекше мағынаға ие. Оны ұстап қалу — уақытты тоқтату емес, қорқыныштан бір қадам әрі аттап, өзіңе сену және көптен бері кейінге қалдырып жүрген шешімге ақыры батылдық таныту. Сондықтан «sät» — жаңа бастамаларға арналған саундтрек іспетті. Yenlik тыңдарманның әнді қосқанда ауыр ойлардан бір сәтке арылып, бойынан сол еркіндік пен жеңілдікті сезінгенін қалайды.

Ал біз жаңа маусымды бастау үшін дәл осындай көңіл күй артық болмайды деп ойлаймыз. «sät» синглі барлық музыкалық платформаларда қолжетімді.


Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше