«Rin’Go» тобының бұрынғы мүшесі Батыр Байназаров шығармашылығында жаңа бағытты қолға алмақ. Кезінде сахнада әнші ретінде танылған өнерпаз енді өзін кино саласында сынап көргісі келетінін әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Соңғы жылдары Батыр актер ретінде түрлі жобаларға қатысып, түсірілім алаңында тәжірибе жинап жүр. Сондай-ақ бірнеше бейнебаянның түсіріліміне атсалысып, камера сыртындағы шығармашылық үдеріске де қызығушылық таныта бастаған.
«Бұрынғыдай сахнаға шықпағаныма біраз уақыт болды. Бірақ шығармашылық өмірімнен ешқайда кеткен жоқ — уақыт өте келе ол басқа формаға ауысты. Мен киноны әрдайым жақсы көрдім. Бір сәтте кадрда болу ғана емес, оны өзім жасаудың да қызық екенін түсіндім. Қазір көбірек түсіріп, жаңа дүниелерді байқап, өз қолтаңбамды тапқым келеді. Сондықтан парақшамда «біртүрлі видеолар» көбейіп кетсе, енді оның себебін білесіздер», — деп жазды Батыр.
Бүгінде Байназаров өзінің музыка саласындағы бұрынғы продюсері Алуа Қонарова құрған «Umay» тобының шығармашылығына да атсалысып жүр. Әсіресе герлзбендтің бейнебаяндары мен визуалды контентін әзірлеуге үлес қосып келеді.
Ал үлкен киноға қадам басуды көздеген Батыр әзірге қандай жанрда фильм түсіргісі келетінін ашып айтқан жоқ. Дегенмен өнерпаз болашақта өз туындысын үлкен экраннан көруді мақсат етіп отырғанын аңғартты.