Harper's BAZAAR Kazakhstan жұлдыз жорамалына сәйкес, 2026 жылдың сәуірі — романтикаға, пастель түсті аспанға немесе күннің алғашқы сәулесімен жасалатын баяу серуендерге арналған ай емес. Жоқ, бәрі әлдеқайда қызығырақ. Бұл ай сіздің өміріңізге есік қақпай-ақ, ескертусіз кіріп келіп: «Сіздер, негізі, қайда асығып бара жатырсыздар?» деп тура сұрақ қоюы мүмкін. Барлық зодиак белгілеріне арналған астрологиялық болжамды төменнен оқыңыз.
Тоқты
Тоқтылар, шынын айтсақ: сіздер оқиғалардың дәл ортасында болуды ғана емес, кез келген пікірталаста жеңіске жетуді де жақсы көресіздер. Оның үстіне әсерлі түрде жеңіп, соңғы сөздің өздеріңізде болғанын қалайсыздар. Алайда жұлдыздар сіздерге бұл жолы мүлде басқа сынақ дайындап қойған: бәрінен қатты емес, бәрінен дана болуды үйрену. Иә, дәл қазір қарапайымдылық сіздің пайдаңызға жұмыс істеуі мүмкін — әсіресе жұмысқа қатысты мәселелерде. Егер әдеттегі табандылықтың орнына дипломатияны таңдасаңыз, тек өткір жағдайларды жұмсартып қана қоймай, болашағыңызға шын мәнінде әсер ететін адамдармен қарым-қат
Торпақ
Сізді күтпеген жерден естеліктер толқыны билеп кетуі мүмкін. Ескі сезімдер, ұмыт болған әңгімелер, әлдеқашан артта қалған жағдайлар — бәрі кенеттен қайтадан еске түсіп, сананың бетіне қалқып шығуы ықтимал. Жоқ, бұл жай ғана көктемгі плейлист тыңдап отырып пайда болған сентиментал көңіл күй емес. Бұл жолы өткен шақ сізді қайтадан соның ішінде қалдыру үшін емес, бұрын түсінгіңіз келмеген нәрсені ақыры ұғындыру үшін қайта оралып отыр. Бұрын ауыр немесе мағынасыз болып көрінген кейбір оқиғалар кенеттен мүлде басқа қырынан ашылуы мүмкін. Дәл осы түсінік жаңа кезеңнің алдында сіздің ең мықты тірегіңізге айналуы ықтимал.
Егіздер
Сіздің сәуір айыңыздың ұраны: «артықтың бәрін шұғыл түрде ретке келтіру». Әңгіме тек заттар, телефондағы жазбалар немесе браузердегі шексіз ашық тұрған беттер туралы ғана емес. Бұл — сіздің өміріңіздегі адамдарға, міндеттерге, әңгімелерге және еш пайда әкелмей, ұзақ уақыттан бері орын алып тұрған ойларға да қатысты. Иә, сіз «қазір оған уақыт жоқ» деуіңіз мүмкін. Бірақ дәл қазір — соған ең қолайлы сәт. Өйткені сіз ұзақ уақыт бойы шыдап келген бейберекет жағдай енді тек мазалап қана қоймай, алға жылжуыңызды баяулата бастады. Барлығы — сыртқы өміріңізде де, ішкі әлеміңізде де — өз орнымен реттелген кезде, ерекше жеңілдік сезімі келеді. Сол сәтте тіпті тыныс алудың өзі әлдеқайда еркін болғандай сезіледі.
Шаян
Бұл айда сіз кенеттен бәрін төңкеріп тастағыңыз келуі мүмкін. Бір қарағанда бұл ой тым оғаш көрінгенімен, шын мәнінде ол соншалықты ақылға қонымсыз емес. Бағытыңызды күрт өзгертуге, бұрын байқап көрмеген нәрсені сынап көруге немесе әлдеқашан жалықтырған өмірлік сценарийден шығуға деген ниет — бұл өте табиғи ішкі серпін. Ең маңыздысы — дәл қазір сәттілік сіздің жағыңызда.
Арыстан
Сәуір айында ұжымдық жұмыс Арыстандарға шабыттан гөрі чаттан әсерлі түрде шығып кеткісі келетін көңіл күй сыйлауы мүмкін. Шынын айтқанда, жұлдыздар мұндай сезімді түсінеді. Қазір сәл шетте болып, өз бетіңізше әрекет ету әлдеқайда пайдалырақ. Тыныштықта, артық шудан және шексіз бөгде идеялардан алшақ жерде сіз өз қалауыңызды және қай бағытта қозғалып жатқаныңызды әлдеқайда анық түсіне аласыз. Сондықтан тек сыпайылық үшін күмәнді бастамалармен келісудің немесе біреудің ұсыныстары сізді шынымен таңғалдырғандай кейіп танытудың қажеті жоқ.
Бикеш
Планеталар сіздің бір тәуліктің ішінде қанша істі үлгерте алатыныңызды тексеріп көргісі келгендей — әрі адам мүмкіндігін сәл асыра бағалап қойған сияқты. Алда тығыз кесте күтіп тұр: сапарлар, кездесулер, түрлі шаралар, жаңа таныстықтар және өзіңізді чемодан, телефондағы жазбалар мен суып кеткен кофе арасында өмір сүріп жүргендей сезінуіңіз мүмкін. Иә, бұл ай біраз шаршатуы ықтимал, ал ұйқы тәртібі тағы да бұзылуы мүмкін. Бірақ дәл осы кезеңде айналаңызда болып жатқан жағдайлардың арасынан үлкен пайда табуға болатын мүмкіндіктер де пайда болады.
Таразы
Алдағы 30 күнде сізге ең қажет болатын басты қабілет — әдемі дипломатия емес, өзгенің бейберекет жағдайына араласпау өнері. Шынын айтқанда, бұл ұзақ әңгімелерден немесе бәрін түсінуге, құтқаруға, теңестіруге тырысудан әлдеқайда пайдалы болмақ. Сондықтан артық ақпаратты сүзгіден өткізіңіз: өсек-аяң мен бос шу — назардан тыс қалсын, ұсақ-түйек мәселелер де сол қатарда. Әрбір жағдай сіздің пікіріңізді, реакцияңызды немесе эмоционалдық ресурстарыңызды талап ете бермейді.
Сарышаян
Сарышаяндар, жақсы жаңалық бар: сіздер шамамен не қалайтыныңызды түсініп үлгердіңіздер. Ал бұл — кез келген жетістіктің жартысы. Енді сол мақсатқа шын мәнінде қадам жасау керек, тек оймен шектелмей. Сондықтан осы айда барлық нәрсеге бірдей шашырап кетпеу және энергияңызды сізді қалаған нәтижеге бір қадам да жақындатпайтын істерге жұмсамау өте маңызды. Дегенмен сәуір айы сізді жиі алаңдатуға тырысуы мүмкін — ұсақ тапсырмалармен, біреудің мәселелерімен, мағынасыз әңгімелермен немесе күтпеген қарбаласпен. Бірақ сіз қаншалықты сабыр сақтасаңыз, нәтижеге де соншалықты тез жетесіз.
Мерген
Бұл айда өмір сізге көпшілік жиі бағаламайтын маңызды нәрсені еске салуы мүмкін: достық та — қарым-қатынас, кейде ол романтикадан да маңыздырақ. Жұлдыздар сіздің қасыңызда кімнің тек көңіл көтеру, ыңғайлылық немесе күлкілі мемдер үшін жүргенін, ал кімнің сіздің өміріңізде тек әдет бойынша қалып қойғанын айқын көрсетіп беруі мүмкін. Міне, дәл осы жерде ең қызықты кезең басталады. Қарым-қатынас шеңберіңізді қайта қараудан қорықпаңыз: әрбір ескі байланыс мәңгі сақталуы міндетті емес. Егер қандай да бір қарым-қатынасты аяқтайтын уақыт келгенін түсінсеңіз, оны артық драмаға, ностальгиялық ишараларға немесе қайта оралу әрекеттеріне жол бермей-ақ жасаңыз.
Тауешкі
Міне, өмір сізді үнемі сынай бермей, керісінше моральдық шығынның орнын біртіндеп толтыра бастайтын кезең де келді. Сәуір айы сіз үшін ең сәтті айлардың біріне айналуы мүмкін, әрі шынымен де көптеген істе жолыңыз болып тұруы ықтимал. Істеріңіз жеңілдей түседі, адамдар сізге көбірек қолдау көрсетуге дайын болады, ал мүмкіндіктер өздігінен пайда болғандай әсер қалдыруы мүмкін. Бірақ бұл жерде бір маңызды нәрсені ұмытпаңыз: өзіңізге тән «тағы біраз ойланып алайын, содан кейін бастаймын» деген әдетке беріліп кетпеңіз. Сәттілік сіздің жаныңызда тұрғанда, оны жіберіп алмаңыз және осы кезеңнің мүмкіндігін барынша пайдаланыңыз. Тағы бір маңызды жайт — бәрі оңай болмай тұрған кезде сізбен бірге болған адамдарды ұмытпаңыз. Қызығы, алғыс айту кейде кез келген тұмардан да жақсы жұмыс істейді.
Суқұйғыш
Суқұйғыштар, сіздердің біраз уақыттан бері шаршау, күйзеліс, көңіл күйдің болмауы немесе ішкі драманың әсерімен кейінге қалдырып жүрген істеріңіздің тізімі едәуір көбейіп кеткен. Бірақ қазір жұлдыздар мұндай сылтауларды тыңдауға дайын емес. Кейінге қалдырылғанның бәрі кенеттен қайтадан алдыңыздан шығып, назар аударуды талап ете бастайды. Шынын айтқанда, бұл тіпті жақсы. Өйткені сол істердің көпшілігі сіз ойлағандай қорқынышты емес — сіз оларды тек ойыңызда тым ұзақ уақыт бойы күрделендіріп жібердіңіз.
Балықтар
Сәуір айы эмоцияларға, әсерлерге, шақыруларға және өмірді бұрынғыдан да әдемірек етіп көрсететін шағын қуаныштарға бай болмақ. Көңілді сәттер, күтпеген оқиғалар мен жағымды тосынсыйлар жеткілікті болады. Соның әсерінен кейде барлық маңызды нәрсені ұмытып, жай ғана өмір ағынымен жүзе бергіңіз келуі мүмкін. Міне, дәл осы жерде абай болған жөн. Өйткені жеңілдік пен түрлі қызықтардың арасында бұл ай сізге өсуге, табысқа жетуге және нақты нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік беретін шынайы мүмкіндіктерді де ұсынады. Иә, сіз шынымен де «үлкен балықты» ұстай аласыз — бірақ ол үшін саналы әрі есеппен әрекет ету қажет.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.