Биылғы жаздың сән әлемінде ең күтпеген, бірақ ерекше әсерлі гүлдердің бірі – астра. Мұны 2026 жылдың көктем-жаз топтамалары айқын дәлелдеп отыр. Әр бренд өз «ботаникалық бағында» астраны әртүрлі қырынан ұсынды: сәулелі, үлпілдек, селекциялық және қиялдан туған ерекше түрлерге дейін. Harper's BAZAAR Kazakhstan сән көрсетілімдерінің «гүлзарын» аралап шығып, маусымның осы басты тренді туралы толығырақ баяндайды.
Гүлді өрнектер мен флоралық мотивтер көктем мен жаз келген сайын сән сахнасына қайта оралады. Алайда бұл жолы көз үйренген шешімдер қайталанған жоқ. Дизайнерлер жаңа идеялар ұсынып, маусымның басты символы ретінде астраны таңдады. Бұл үрдіске алғаш болып Chanel сән үйінің креативті директоры Matthieu Blazy назар аудартты. Ол астраны әшекейлер мен богемалық стильдегі белдемшелердің сәндік элементіне айналдырды. Кейін бұл бастаманы David Koma, JACQUEMUS және басқа да сән үйлері қолдады. Бірі астраны жебеге ұқсас әсерлі деталь ретінде қолданса, енді бірі оны футболкалар мен мюлилердегі шашақ тәрізді сәндік элементке айналдырды.
Астраның үлпілдек, көпқабатты түрлері Givenchy-дің көктем-жаз топтамасының басты кейіпкеріне айналды. Ал Calvin Klein көрсетілімінде черлидерлердің помпондарына ұқсайтын түрлі-түсті астралар модельдердің образдарын безендірді. Ал «тыныш сән-салтанат» эстетикасын ұстанатын Proenza Schouler бұл трендті әлдеқайда ұстамды түрде ұсынды. Олардың интерпретациясында астралар көйлектердегі нәзік принтке айналып, көзге бірден түспесе де, маусымның басты тенденциясын айқын аңғартты.
Әрине, астра бейнесі киім әлемінде қысқа мерзімді тренд болып, жазбен бірге ұмытылып кетуі де мүмкін. Бірақ гүлдердің табиғатының өзі сондай емес пе? Соған қарамастан, бұл гүл әртүрлі стильді ұнататын сәнқойлардың жазғы образына ерекше әр бере алады. Егер трендті шамадан тыс қолданудан қауіптенсеңіз, астраларды базалық әрі сабырлы киімдермен үйлестіріңіз. Оларды әшекей, сөмке немесе басқа аксессуарлар түрінде таңдаған жөн. Сонда сіз сәннің шегінен шықпай, маусымның ең көркем «гүл бағында» өз орныңызды табасыз.
Автор. Мария Машкова. Аударған. Гүлдана Мұқан.