Зергерлік бұйымдар — тарихы ұзақ дүниелер: металдар мен тастар мыңдаған, тіпті миллиардтаған жылдар бойы қалыптасқан. Бірақ беріктігіне қарамастан, күнделікті өмірде олар осал күйде қалады. Оларға қалай күтім жасайтыныңыз олардың сыртқы түрі мен қызмет ету мерзіміне тікелей әсер етеді — кейде тіпті оларды келесі ұрпаққа табыстау мүмкіндігіне де. Harper's BAZAAR Kazakhstan зергерлік әшекейлерге дұрыс күтім жасаудың жолдары туралы әңгімелейді.
Асыл металдар
Әр металлға күтім әртүрлі қажет. Мысалы, сары алтын уақыт өте жылтырауын жоғалтады, ал родиймен қапталған ақ алтын — біртіндеп өшіп, тозады. Сондықтан мұндай әшекейлердің қаптамасын мезгіл-мезгіл жаңартып тұрған жөн.
Негізгі күтім үшін жұмсақ сабын қосылған жылы су жеткілікті — бұл алтын мен платинаға қауіпсіз тазалау тәсілі. Алайда әшекейде тастар немесе эмаль болса, әдісті абайлап таңдаңыз. Әрі ешқашан тіс пастасы не ас содасын қолданатын әдістерге жүгінбеңіз. Олар әр жолы металдың титтей бөлігін алып тастайды. Уақыт өте бұл бұйымдарыңызға зиян келтіреді.
Сондай-ақ агрессивті ортамен жанасуды барынша азайтыңыз: теңіз суы, бассейндегі хлор, тіпті антисептиктерді жиі қолдану тозуды жеделдетеді. Әсіресе қызғылт алтынға ерекше ұқыпты қарау керек — ол жылтырағын тезірек жоғалтады.
Гауһарлар
Гауһар әшекейлердің жарқылын сақтап қалу үшін оларды дұрыс тазалау ғана емес, дұрыс сақтау да маңызды. Әр бұйымды сызат түспеуі үшін бөлек — қорапшаларда не жұмсақ дорбаларда сақтаған жөн. Тазалау кезінде жұмсақ щетканы қолданып, тастың артқы бетіне ерекше көңіл бөліңіз — дәл сол жерге кір жиналады. Мұны су ағызар тесігі жабық жуу орнының үстінде жасаған дұрыс, абайсызда әшекейді жоғалтып алмау үшін. Ультрадыбыстық тазалағыштар әрдайым келе бермейді: таста жарықшақтар немесе қосындылар болса, діріл оларды күшейтуі мүмкін. Сондай-ақ бекітпелерге зақым келтіру қаупі бар. Сондықтан әшекейлерді мезгіл-мезгіл кәсіби тазалау мен тексеруге берген жөн.
Түсті тастар
Бұл тұста бәрі минералдың түріне байланысты. Рубин мен сапфир — ең берік тастардың бірі (қаттылығы гауһарға жуық), сондықтан күнделікті тағуға жарайды. Тастарды жұмсақ матамен ақырын сүртіп тазалауға немесе мамандарға сеніп тапсыруға болады. Ал ізумруд жұмсағырақ келеді әрі табиғи қосындылары жиі кездеседі, сондықтан өте ұқыпты қарауды талап етеді. Күнделікті салмаққа, әсіресе сақиналарда, нашар шыдайды. Оларды тек жұмсақ, сәл дымқыл матамен немесе кәсіби түрде тазалаған дұрыс. Жалпы, әшекейді күн сайын тағып жүруді жоспарласаңыз, мына жайтты ескеріңіз: сақиналар мен білезіктер ең тез зақымданады, ал сырғалар мен алқалар сирек.
Эмаль және әшекейлік тастар
Эмальды әшекейлерді дұрыс сақтау маңызды — оларды бөлек, жұмсақ футлярларда және күн сәулесінен алыс ұстаңыз, түстері оңып кетпес үшін. Лазурит, жолбарыс көзі немесе бирюза сияқты тастарды жұмсақ щеткамен жылы сабынды суда ақырын жууға болады. Ең бастысы — тым қатты баспаңыз, бетін тырнап алмау үшін. Кейін бұйымды мұқият шайып, жайлап құрғатыңыз.
Інжу
Бұл тас барынша нәзік күтімді қажет етеді. Оны басқа әшекейлерден бөлек, жұмсақ дорбаларда сақтаған жөн. Әр таққаннан кейін құрғақ, жұмсақ матамен сүртіп, косметика мен ылғалдың қалдықтарын алыңыз. Маңызды қағида: інжуді ең соңынан тағып, ең алдымен шешеді — әтір мен макияжбен жанаспау үшін. Қызығы, бұл минералоид тұрақты тағуды ұнатады — оның жылтыры терінің табиғи майларының арқасында сақталады. Ал бірнеше жыл сайын інжуді кәсіби тазалауға беріп, жарқылын қайтара аласыз.
Harper's BAZAAR Arabia материалдың түпнұсқасын сілтеме арқылы оқи аласыз.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.