Дильназ Ахмадиева жеке өмірінде орын алған жәйттарға байланысты ашылып сұқбат берді. Өнер иесі «4:1» подкастында сәтсіз аяқталған екінші некесі жайлы айтып берді:
«Екінші рет тұрмысқа 4 жылдан кейін шықтым. Отандық жобаның түсірілімі кезінде таныстық. Бірақ жоба кезінде мүлдем араласпадық, ер адам ретінде оған ешқандай қызығушылығым болмады. Бәрі аяқ асты болды. Біз бір-бірімізді жан дүниемізбен түсінетінбіз. Ішкі сезімдеріміз арқылы сырласқанда жақын адамдар екенімізді түсіндім. Арамызда керемет махаббат пен сезім болған жоқ. Оны екеуіміз де мойындаймыз. Мен өзім үшін дұрыс шешімдерді іздей бастадым. Жасым да кетіп бара жатқанын түсіндім. Бала сүйгім келді. Бедеулікпен күресіп жүрген соң, уақытым аз екенін білдім. Ортақ қызығушылық пен толассыз әңгіме екеуміздің шаңырақ көтеруімізге әкелді», — дейді Дильназ Ахмадиева.
Сондай-ақ, Ахмадиева қазіргі таңда экс-күйеуімен жақсы қарым-қатынаста екенін мойындады. Ерлі-зайыпты араларындағы достықты сақтап қалған.
«Қазір ол кісі – баламның әкесі. Біздің қарым-қатынасымыз әлі де жақсы. Бірінші күйеуімді мүлдем көрмесем, бұл жолдасыммен әрқашан байланыста боламын. Ортақ баламыз бар. Біз бүгінде дос ретінде араласамыз. Бір-бірімізден кеңес сұраймыз. Бар уақытын баласына арнауға тырысады. Оған алғыстан басқа айтарым жоқ», — деп Дильназ жан сырын ақтарды.
Дильназ Ахмадиева ұзақ уақыт бойы балалы бола алмай, бедеулікпен күрескенін де жасырмады. Нәтижесінде өнер иесінің қалауы орындалып, ол 39 жасында алғаш рет ана атанды.
«Дәрігерлер бала көтеру мүмкіндігі жоқ екенін айтты. 9 жыл бойы үміт үзбей, бедеулікпен күрестім. Біраз уақыт бала көтере алмай жүрдім. Бірінші некеде баламыз болған жоқ. Ұзақ уақыт бойы емделудің нәтижесінде Зейданды дүниеге әкелдім. Бұрын «жасым өтіп барады, бала туу керек» деп ойлайтынмын. Қазір дәл уақытында ана атаныппын деймін. Оған дейін дайын болмағанмын. Менің болмысымды өзгерткен – балам. Бұрын ер бала секілді жүретінмін, қазір әйел сезінемін өзімді.»
Еске салсақ, Ахмадиеваның бүгінде 3 жастан асқан Зейдан есімді жалғыз ұлы өсіп келеді.
Автор. Harper’s BAZAAR Kazakhstan. Источник заглавного фото: Instagram @dilnaz_akhmadiyeva Автор @photolol.x