Әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайберген продюсерлік еткен «Voice Beyond Horizon» музыкалық шоуы Қытайда үлкен жетістікке жетіп, қаралым саны бойынша рекорд жаңартты. Бағдарламаның алғашқы шығарылымын қысқа уақыт ішінде 102 миллионнан астам көрермен тамашалап, жоба аспан асты еліндегі ең жоғары рейтинг жинаған телешоулардың біріне айналды.
Димаш атқарушы продюсер болған жобаның ерекшелігі — түсірілім жұмыстары Қазақстанның төрт өңірінде өткен. Көрермен тек талантты орындаушыларды ғана емес, сонымен қатар қазақ жерінің көркем табиғаты мен бай мәдениетін де тамашалай алмақ. Осылайша музыкалық шоу еліміздің туристік әлеуетін танытып, Қазақстанды жаһандық аудиторияға жақындата түсуді мақсат етеді.
Айта кетейік, Димаштың Қытайдағы шығармашылық сапары шамамен он жыл бұрын Hunan TV арнасындағы «Singer» шоуынан басталған еді. Енді ол сол арнаға халықаралық жобаның бастамашысы әрі продюсері ретінде қайта оралып отыр. Бұл қадам өнер иесінің жаһандық музыка кеңістігіндегі ықпалын тағы бір мәрте дәлелдейді.
Сарапшылардың пікірінше, «Voice Beyond Horizon» тек рейтинг рекордтарымен шектелмей, музыка арқылы мәдени алмасуды күшейтіп, түрлі елдердің өнерпаздарын бір сахнада тоғыстыратын жаңа кезеңнің басталуына жол ашуы мүмкін.