Бетке арналған бу ваннасы үй жағдайындағы тазарту күтімінің тиімді кезеңіне айнала алады, әсіресе егер сізді қара нүктелер, майлы жылтыр немесе бөртпелер мазаласа. Бұған қоса, мұндай процедурадан кейін тері күтім құралдарын әлдеқайда жақсы қабылдайды — сарысулар, маскалар мен кремдер тиімдірек әсер етеді, себебі олардың теріге сіңуі жеңілдейді. Төменде осы рәсім туралы білуге тиіс барлық маңызды ақпаратты жинадық: оның қандай пайдасы бар, оны үйде қалай жасауға болады және шектен тыс қолданбау үшін нені ескеру керек? Бұл туралы Harper’s BAZAAR Kazakhstan баяндайды.
Бетке арналған бу ваннасының қандай пайдасы бар?
- Теріні тереңірек тазартады
- Қан айналымын жақсартады
- Ылғалды сақтауға көмектеседі
- Күтім құралдарының әсерін күшейтеді
- Терінің серпімділігін қолдайды
- SPA рәсіміндей босаңсытады
Үй жағдайында бетті қалай булауға болады?
1-тәсіл: тостағанмен немесе легенмен
Бұл — үй күтімінде ең танымал әрі ыңғайлы тәсілдердің бірі.
Қадамдар:
1. Алдымен бет пен мойынды жұмсақ тазартқыш құралмен жуыңыз.Қаласаңыз, жеңіл пилинг немесе ферменттік құрал қолдануға болады.
2. Үлкен тостағанға немесе легенге ыстық су құйыңыз.Қаласаңыз, ағын су орнын (раковинаны) да қолдануға болады, тек алдын ала су ағатын тесігін жауып қойыңыз.
3. Судың аздап салқындауын күтіңіз.Бу жайлы болуы керек, теріні күйдірмеуі тиіс.
4. Қалауыңызша суға 1–3 тамшы эфир майын немесе аздап шөп қоспаларын қосуға болады.Мысалы, лаванда, түймедақ, эвкалипт, жалбыз немесе розмарин жарайды.
5. Басыңызды сүлгімен жауып, ыдыстың үстіне еңкейіңіз.
Бетіңіз судан шамамен 20 сантиметр қашықтықта болуы керек. Егер тым ыстық болып кетсе, сәл артқа шегініңіз немесе будың бір бөлігін шығару үшін сүлгіні аздап ашыңыз.
Рәсімнің ұзақтығы — 15 минуттан аспауы керек.
2-тәсіл: ыстық сүлгімен
Егер буға еңкейіп отыру ұнамаса, бұдан жұмсағырақ, бірақ тиімділігі сәл төмендеу нұсқаны таңдауға болады.
Қадамдар:
1. Бетіңізді тазалаңыз;
2. Ыстық су дайындаңыз, қалауыңызша оған шөптер немесе бірнеше тамшы эфир майын қосыңыз;
3. Таза әрі жұмсақ сүлгіні ыстық суға малып, жақсылап сығып алыңыз;
4. Ыңғайланып отырып, сүлгіні бетке абайлап қойыңыз;
Маңыздысы — сүлгі жылы болуы керек, бірақ күйдіріп жібермейтіндей.Оны 5–10 минуттай, салқындағанша ұстауға болады.
Бетті қаншалықты жиі булауға болады?
Мұнда қарапайым қағида жұмыс істейді: неғұрлым қалыпты болса, соғұрлым жақсы. Тым жиі жасалатын рәсімдер, керісінше, теріні тітіркендіріп, сезімталдықты күшейтіп, тіпті қабыну жағдайын ушықтыруы мүмкін.
Көп жағдайда аптасына бір рет бу ваннасын жасау жеткілікті.
Егер тері тесіктері қатты бітелген болса, жиілікті аптасына екі ретке дейін арттыруға болады, бірақ одан жиі емес.
Қандай эфир майларын қосқан дұрыс?
Өсімдік концентраттары бұл рәсімді әлдеқайда жағымды етеді, бірақ оларды өте сақтықпен қолдану қажет. Алғаш рет қолданар алдында терінің реакциясын тексеріп алған жөн — мысалы, қолдың кішкентай бөлігіне жағып көруге болады.
Тері түріне қарай ұсыныстар:
- Бөртпеге бейім теріге: шай ағашы майы, розмарин
- Құрғақ, бірақ қабынуға бейім теріге: шай ағашы, раушан, жасмин
- Сезімтал теріге: лаванда, шай ағашы
Көңіл күйге қарай:
- Босаңсып, SPA әсерін сезіну үшін: түймедақ, лаванда, эвкалипт
- Сергектік үшін: лимон, апельсин, лайм немесе бергамот ноталары
Нені есте ұстаған жөн?
Бетке арналған бу ваннасы шынымен де теріні таза, жұмсақ әрі күтімді ете алады. Бірақ бұл тек оны дұрыс және орнымен қолданғанда ғана тиімді. Бұл — күнделікті рәсім емес және беттегі барлық мәселені шешетін әмбебап құрал да емес. Алайда тұрақты үй күтімінің бір бөлігі ретінде ол өте жақсы нәтиже беруі мүмкін, әсіресе егер оны:
- жұмсақ тазартумен,
- сапалы ылғалдандырумен,
- теріге сай дұрыс таңдалған күтім құралдарымен бірге қолданыңыз.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.