Жылдың ең көп күткен сән оқиғасы Нью-Йоркте дүркіреп өтті. Met Gala 2026-ның қызыл кілемі сән мен өнерді тоғыстырған нағыз музейге айналды (және бұл әсер тек бір кешпен шектелмеді). Жұлдыздар бұл жолы мүсіндерге жан бітіріп, картинадағыдай кейіпке енді. Тіпті шарада адам анатомиясын еске салатын образдар да кездесті. Себебі Костюм институты балының биылғы тақырыбы дене мен оның эстетикасымен тығыз байланысты. Ендеше, көп созбай, кештің ең әсерлі, концептуалды әрі есте қаларлық образдарына тоқталайық. Толық шолуды Harper’s BAZAAR Kazakhstan ұсынған мақаладан таба аласыз.
Екі француз сән алпауытының бәсекесі бұл жолы ана мен қыздың үйлесіміне ұласты. Николь Кидман кешке Chanel-дің қызыл түсті сәнді көйлегін таңдаған (кейбіреулер оны «қауіпсіз таңдау» дер, бірақ бұл да өз алдына стиль). Ал оның қызы Сандэй Роуз романтикалық Dior образымен анасына есе жібермеді.
Хейли Бибер биыл көпшілік үйренген минимализмнен бас тартып, Saint Laurent брендінің жарқын әрі батыл аутфитін таңдаған.
Бейонсе үшін күллі әлем — сахна. Әсіресе Met Gala. Он жылдық үзілістен кейін артист Olivier Rousteing дайындаған театрлық, қаңқа пішініндегі ерекше образбен оралды.
Энн Хэтэуэйдің Michael Kors жасаған көйлегінде антикалық сарындар нәзік қана сезілді. Әдеттегідей, актриса образын Bvlgari әшекейлерімен толықтырған.
Дженни сән әлемінде mermaidcore трендінің қайта оралғанын дәлелдегендей. Chanel амбассадоры ауқымды шара үшін су перісі стиліндегі ерекше образ таңдады.
Ал Дженнидің BLACKPINK тобындағы әріптесі - Лиса Robert Wun жасаған ерекше образының арқасында көптің назарында болды. Оның киіміндегі қосымша қолдар жұлдызға Bvlgari әшекейлерін артығымен тағуға мүмкіндік бергендей әсер қалдырды.
Палома Элсессер Francesco Risso көйлегі күн батар шақтағы пейзаждың тірі бейнесін еске салды.
Сабрина Карпентер пленкаға оралғандай әсер қалдырды — мүмкін, тіпті өз концерттерінен қалған әсер шығар. Бұл образды оған Джонатан Андерсон мен Dior командасы бірігіп әзірлеген.
Кендалл Дженнер көне грек мүсінін еске салатын образда Met Gala 2026-ға арнайы тігілген Gap Studio көйлегімен және Buccellati әшекейлерімен келген.
Алекса Чанг Джонатан Андерсонның гүлді фантазияларынан шабыт алып, оны жылдың ең сәнді кешінде жария етті.
Тейяна Тейлор Tom Ford by Haider Ackermann әзірлеген динамикалық әрі әсерлі аутфитпен шықты. Кейбіреулер дизайнерге «Аддамстар отбасы» фильміндегі Итт кейіпкері шабыт берген болуы мүмкін дейді.
Джисудың Met Gala-дағы дебютін Dior командасы қолдады. Әнші шынайы мамыр раушанындай нәзік көрінді.
Анок Яй қола мүсін образында ерекше әсер қалдырды. Balenciaga-ның капюшоны бар көйлегі бұл эффектіні одан әрі күшейте түскен.
«Қалыпты адамдар» сериалының жұлдызы Дейзи Эдгар-Джонс соңғы жылдары Met Gala-ны жібермей келеді. Оның образдары әрдайым нәзік әрі мәнерлі. Бұл жолы актриса McQueen ұсынған ақ көйлекті таңдады.
Көпшілік Блейк Лайвлиді бұл жолы күтпеген еді. Дегенмен актриса Versace көйлегі мен Lorraine Schwartz әшекейлерін киіп келіп, жанкүйерлерін қуантты.
Эмма Чемберлен музейде түнеп шыққандай әсер қалдырды. Оның Mugler брендіне арнайы тігілген көйлегі еріп жатқан картинаға ұқсайды. Бір қызығы, суретші Анна Деллер-Йи бұл көйлекті 40 сағат бойы бояп, толық кебуі үшін тағы төрт күн жұмсаған.
Фристайлдан олимпиада чемпионы Эйлин Гу Iris van Herpen бренді жасаған, сабын көпіршіктерінен құралғандай ерекше «look»-пен кештің жұлдызына айналды.
Тесса Томпсон үшін Valentino алып дақ пішініндегі ерекше наряд дайындады. Ал әшекейлерін Pandora бренді ұсынды.
Густав Климт шығармалары Chanel командасына шабыт берді. Дәл сол нәзік әрі көркем образды Грейси Абрамс киіп келді.
Met Gala 2026-дағы тағы бір дебют — Чейз Инфинити. «Битва за битвой» фильмінің жұлдызы бұл кешке Louis Vuitton емес, Thom Browne брендінің көйлегін таңдаған.
Автор. Мария Бурлака. Аударған. Гүлдана Мұқан.