Қызыл иектің үнсіз белгісі: гормондар тіс саулығына қалай әсер етеді?
Фото. Shutterstock.com. Автор. New Africa.

Қызыл иектің үнсіз белгісі: гормондар тіс саулығына қалай әсер етеді?

20 апреля 2026

Мінсіз күлкі ұзақ уақыт бойы көбіне сыртқы келбеттің бір бөлігі ретінде қабылданып келді: аппақ тістер, түзу қатар, мінсіз көрініс. Алайда ауыз қуысының саулығы — тек эстетикадан әлдеқайда ауқымды ұғым. Әсіресе бұл тақырыпты әйел денсаулығы аясында айту маңызды, себебі гормоналдық өзгерістер қызыл иектің, тістердің және ауыз қуысы шырышты қабығының жағдайына тікелей әсер етеді. Бұл туралы толығырақ Harper’s BAZAAR Kazakhstan баяндайды.

Сирек айтылатын байланыс

Гормондар тек көңіл күйге, теріге немесе етеккір цикліне ғана әсер етпейді. Олар ауыз қуысы тіндерінің бактериялар мен тіс қағына деген реакциясын да өзгерте алады. Соның салдарынан қызыл иек сезімталданып, ісінуге, қанауға және қабынуға бейім болады.

Кейбір жағдайлар, мысалы, поликистозды аналық без синдромы (ПКАС / СПКЯ) да бұл процестерді күшейтуі мүмкін. Поликистозды аналық без синдромы көбіне созылмалы қабынумен, инсулинге төзімділікпен және гормоналдық тепе-теңдіктің бұзылуымен байланысты. Дәл осындай қабыну механизмдері қызыл иек ауруларының негізінде де жатыр. Егер бұл жағдайлар қатар келсе, олар бір-бірінің әсерін күшейтуі ықтимал.

Сондықтан мамандар бүгінде кешенді тәсілдің маңызын жиі атап өтеді: қызыл иектегі өзгерістер кейде жеке мәселе емес, ағзада тереңірек өзгерістер болып жатқанын білдіретін белгінің бірі болуы мүмкін.

О чем молчат десны: как гормоны отражаются на здоровье зубов?
Фото. Shutterstock.com. Автор. PeopleImages.

Өмірдің әр кезеңінде ауыз қуысының саулығы қалай өзгереді?

Жыныстық жетілу кезеңі

Жыныстық жетілу кезінде эстроген мен прогестерон деңгейі жоғарылайды. Соның әсерінен қызыл иек тіс қағына анағұрлым сезімтал бола түседі. Тіпті әдеттегі күтімнің өзінде қызыл иектің қанауы, ісінуі немесе ауырсынуы байқалуы мүмкін.

Ерте белгілердің қатарында мыналар болуы ықтимал:

  • қызыл иектің сезімталдығы;
  • ауыздан жағымсыз иіс шығуы;
  • қызару;
  • тіс тазалау кезінде қан кету;
  • тіс эмаліндегі ұсақ ақ дақтар (бұл деминерализацияның басталғанын көрсетуі мүмкін).

Бұл кезеңде профилактиканы елемеу өте маңызды емес, керісінше аса маңызды:тісті күніне екі рет жұмсақ, бірақ мұқият тазалау, тіс жібін қолдану және стоматологқа тұрақты қаралу қажет.

О чем молчат десны: как гормоны отражаются на здоровье зубов?
Фото. Shutterstock.com. Автор. Prostock-studio.

Етеккір циклі

Циклдің екінші жартысында прогестерон деңгейі жоғарылаған кезде қызыл иекке қанның келуі күшейеді. Соның әсерінен ол жұмсарып, сезімтал бола түсуі мүмкін. Кейбір әйелдер бұл кезеңде ісіну, ауырсыну, жеңіл қан кету немесе тіпті ауыз ішінде ұсақ жаралардың пайда болғанын байқайды.

Мәселе мынада: мұндай белгілер көбіне циклдің қалыпты бөлігі ретінде қабылданып, назардан тыс қалады. Бірақ егер бұл симптомдар үнемі қайталанса, ауыз қуысына көбірек көңіл бөлу қажет.

Мұндай күндері күтім барынша нәзік болуы керек:

  • жұмсақ тіс щеткасы;
  • ұқыпты тазалау;
  • тіс жібін қолдану;
  • тым қатты немесе тітіркендіргіш ауыз қуысы күтім құралдарынан бас тарту.

Сонымен қатар ағзадағы жалпы қабыну деңгейін азайту да маңызды:сапалы ұйқы, теңгерімді тамақтану және күйзелісті бақылау бұған көмектеседі.

Жүктілік

Бұл — қызыл иек саулығы үшін ең осал кезеңдердің бірі. Гормоналдық өзгерістер тіндердің бактерияларға деген реакциясын күшейтеді. Сол себепті бұрын мұндай мәселемен бетпе-бет келмеген әйелдердің өзінде «жүктілік гингивиті» деп аталатын жағдай дамуы мүмкін.

Жағдайды токсикоз, жүрек айну және құсу ушықтыруы ықтимал, себебі олар ауыз қуысындағы қышқыл-сілтілік тепе-теңдікті өзгертіп, микрофлораға әсер етеді. Бұл өз кезегінде тітіркенудің, қабынудың және басқа да жағымсыз өзгерістердің қаупін арттырады.

Сондықтан жүктілік кезінде ауыз қуысының жағдайын мұқият бақылап, стоматологқа баруды кейінге қалдырмау өте маңызды.

О чем молчат десны: как гормоны отражаются на здоровье зубов?
Фото. Shutterstock.com. Автор. Drazen Zigic.

Менопауза

Ауыз қуысы саулығы тұрғысынан ең көп бағаланбайтын кезеңдердің бірі — менопауза. Эстроген деңгейі төмендеген кезде бұл тек жалпы хал-жағдайға ғана емес, қызыл иекке, шырышты қабыққа, тіпті жақ сүйегінің жағдайына да әсер етеді.

Эстрогеннің төмендеуі сүйек массасының азаюын жеделдетуі мүмкін, соның ішінде жақ сүйегі аймағында да. Нәтижесінде тістер тірегін әлсіретіп, қозғалмалы бола түседі, ал қызыл иек аурулары тезірек үдеуі мүмкін.

Бұл кезеңде жиі кездесетін тағы бір мәселе — ауыздың құрғауы. Ол гормоналдық өзгерістермен де, кейбір дәрі-дәрмектерді қабылдаумен де байланысты болуы мүмкін. Сілекейдің азаюы өз кезегінде кариес, қызыл иектің тітіркенуі, инфекциялар және ауыздан жағымсыз иістің пайда болу қаупін арттырады.

Кейбір әйелдер ауыз қуысының ашып-күйгенін, қызыл иектің ауырсынуын немесе тіпті тістесудің өзгергенін сезуі мүмкін. Мұндай белгілер көбіне күйзеліс не шаршаумен байланыстырылып жатады, алайда олардың себебі дәл гормоналдық қайта құрылым болуы да ықтимал.

Бұл кезеңде ерекше мән берілетін жайттар:

  • профилактика;
  • қызыл иек жағдайын тұрақты бақылау;
  • сүйек тінінің саулығына назар аудару;
  • ауыз құрғауымен күресу.

Мысалы, жұмсақ күтім құралдары, спиртсіз шаюға арналған ерітінділер және қажет болған жағдайда ауыз қуысын ылғалдандыратын арнайы өнімдер көмектесе алады.

Harper's BAZAAR India мақаласының түпнұсқасын сілтеме арқылы оқи аласыз.


Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.

Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше