Үйлену тойы көпшілікке жұп өміріндегі ең бақытты күндердің бірі болып көрінеді. Алайда дәл осы кезеңде кейін күшейе түсетін мәселелер жиі анық байқалады. Тойға дайындық барысында ғашықтардың бір-бірімен қаншалықты келісімге келе алатынын, жеке шекараны құрметтей ме, отбасы, қаржы және сыртқы қысым жағдайында өзін қалай ұстайтынын байқауға болады. Harper’s BAZAAR Kazakhstan Your Tango-ға сілтеме жасай отырып, некеде қиындық туындауы мүмкін екенін алдын ала аңғартатын үйлену тойындағы дабыл белгілері туралы баяндайды.
Туыстар шектен тыс араласқанда
Егер тойға дайындық кезінде туыстардың бірі қонақтар тізімін, той өтетін орынды, мәзірді немесе мерекенің форматын толықтай өз бақылауына алса, бұл қарым-қатынастағы жеке шекаралардың әлсіз екенін көрсетуі мүмкін.
Мәселе мынада: мұндай модель көбіне тек той дайындығымен шектеліп қалмайды. Кейін дәл осындай араласу баспана таңдау, қаржы, бала тәрбиесі және басқа да маңызды шешімдерге қатысты көрінуі ықтимал.
Бір серіктес нақты айтылған «жоқты» елемесе
Көпшілікке тойда бетке торт жағу жай ғана зиянсыз әзіл болып көрінуі мүмкін. Бірақ егер адам мұны алдын ала жасамауды өтінсе, ал екіншісі бәрібір «көңіл көтеремін» деп соны істесе, бұл енді әзіл емес — жеке шекараны бұзу.
Мұндай сәттер әсіресе көп нәрсені аңғартады, өйткені олар жұрттың көзінше болады. Егер біреу серіктесін өміріндегі ең маңызды күндердің бірінде көпшілік алдында ыңғайсыз жағдайға қалдыруға немесе қорлауға жол берсе, бұл болашақта оның қалауы мен бас тартуы да еленбей қалуы мүмкін екенін көрсетеді.
Жасырын шығындар мен қаржылық бейберекетсіздік
Үйлену тойы көбіне ерлі-зайыпты болғалы отырған жұп үшін бюджетке қатысты алғашқы үлкен сынаққа айналады. Мұнда мәселе тек тойға қанша ақша кеткенінде емес, жұптың бір-біріне қаржы мәселесінде қаншалықты ашық әрі адал екенінде.
Егер біреуі нақты шығынды жасырып, алдын ала ақылдаспай несие алса немесе қарыздарын жасырса — бұл алаңдатарлық белгі. Қаржылық ашықтықтың болмауы әдетте тек той шығындарымен шектелмейді. Кейін бұл ипотекада, отбасылық жинақта және басқа да ортақ міндеттемелерде көрінуі мүмкін.
Неке туралы жағымсыз әзілдер
«Міне, енді еркіндік бітті» деген сияқты сөздер немесе отбасылық өмірді үнемі әжуалау көпшілікке жай әзіл секілді көрінуі мүмкін. Бірақ егер серіктестердің бірі немесе оның айналасы некенің өзін мазақ қылса, адамның бұл рөлге шынымен дайын екенін ой елегінен өткізіп көрген жөн.
Кейде әзілдің астарында шынайы ашу, жауапкершіліктен қорқу немесе ішкі қарсылық жатады. Егер адам той күні-ақ ерлі-зайыптылық идеясын жақтырмайтынын байқатса, болашақта бұл эмоциялық алыстауға және қарым-қатынасты үнемі құнсыздандыруға ұласуы мүмкін.
Бір адам үнемі алға шығып жүрсе
Бұдан да нәзік белгілер бар — мысалы, жұптың кеңістіктегі жүріс-тұрысы. Егер бір адам үнемі алға озып кетіп, екіншісін күтпесе және тек өзін ғана ойласа, бұл қарым-қатынастағы теңсіздікті білдіруі мүмкін.
Тойда мұндай детальдар әсіресе анық байқалады: фотосессия кезінде, би барысында, қонақтармен араласқанда. Кейде бұл әлдеқайда терең динамиканы көрсетеді: бір серіктес өзін басты адам ретінде сезінеді де, екіншісін өз өмірінің бір бөлігі ғана деп қабылдайды. Уақыт өте келе мұндай мәселе тұрмыста, болашақ жоспарларда, ақша мен жауапкершілікті бөлуде анық көрінуі мүмкін.
Қызмет көрсететін адамдарға дөрекілік таныту
Адамның даяшылармен, ұйымдастырушылармен, флористермен, фотографтармен және басқа да мердігерлермен қалай сөйлесетіні оның кім екенін әдемі неке антына қарағанда көбірек аңғартады. Егер біреу қызметкерлерге ашуланып, оларды кемсітіп, менсінбей сөйлеп немесе болмашы нәрсе үшін жанжал шығарса, бұл әдетте бір кешпен шектеліп қалмайды.
Мұндай мінез-құлық көбіне эмпатияның төмендігін, ашушаңдықты және үстемдікке ұмтылысты көрсетеді. Бүгін мердігерлерге бағытталған мұндай әрекет, ертең серіктеске де бағытталуы мүмкін. Әсіресе жұптағы екінші адам үнемі осы мінезді жұмсартып, өзгенің әрекеті үшін кешірім сұрап жүруге мәжбүр болса, бұл өте алаңдатарлық белгі.
Менсінбеу — ең қауіпті белгі
Ең маңызды дабыл белгісі — менсінбеу. Ол көзді аларту, кекесін, мысқыл аралас ескертулер, сарказм немесе бір-біріне жоғарыдан қарау арқылы көрінуі мүмкін.
Көпшілік мұндай ұсақ-түйекті той алдындағы шаршаудан көреді. Алайда дәл осындай әрекеттер қарым-қатынасты ең қатты бұзатын факторлардың бірі болуы мүмкін. Жұп арасындағы сыйластық жоғалып, оның орнын серіктесті келемеждеу, құнсыздандыру және ашумен жауап беру басқанда, неке іштен іри бастайды.
Мұның алдын ала не істеуге болады?
Жақсы жаңалық — мұндай мәселелердің көбін неке қиюға дейін-ақ байқауға болады. Ал бұл — жағдайды өзгертуге мүмкіндік бар деген сөз. Жұптар алдын ала мына мәселелерді ашық талқылағаны жөн:
- шешімді кім және қалай қабылдайды;
- қаржы туралы қаншалықты ашық сөйлесе алады;
- туыстармен шекараны қалай белгілейді;
- Әрқайсысы үшін қарым-қатынастағы сыйластық нені білдіреді.
Көп жұпқа некеге дейінгі терапия немесе маман кеңесі де пайдалы болуы мүмкін. Бұл әлсіз тұстарды олар созылмалы жанжалға айналмай тұрып көруге көмектеседі.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.