Үйлену көйлегі — әр қалыңдық образындағы басты акцент. Ал wedding aesthetic — оның талғамын, көзқарасын, тіпті өмірлік құндылықтарын көрсететін өзіндік манифест іспетті. Harper's BAZAAR Kazakhstan үйлену маусымындағы өзекті эстетикаларды зерттеп, ең фотогенді әрі шабыт сыйлайтын үш бағытты таңдады. Бұл — Gen Z буынының еркіндігі, Кэролин Бессетт-Кеннедидің талғамы және Виктория патшайымының мұрасынан туған сән формуласы.
Indie-core
Indie-core — дәстүрлі қалыңдық образына балама ретінде пайда болған жаңа толқын эстетикасы. Бұл стильде шағын көлемді әсерлі көйлектер, көзге түсетін аксессуарлар, жарқын макияж және батыл шешімдер басым. Indie bride үшін ең маңыздысы — өзін еркін көрсету.
Мұндай образ сізді бір мезетте өз тойыңызда, Pinterest тақталарында және Charli XCX концертіне келген қонақтардың арасында жүргендей сезіндіруі мүмкін. Әрине, бұл стиль эксцентрикалық көрінуі ықтимал. Дегенмен indie-core міндетті түрде шектен тыс образдар мен ерекше әшекейлерді талап етпейді.
Мұндай фактілерге Jimmy Choo брендінің әнші Габбриеттамен түсірген үйлену науқаны дәлел. Жас келін қызыл түсті дәстүрлі емес көйлек пен соған сәйкес фата таңдаған. Ал оның басты аксессуарлары өз татуировкалары мен жіңішке қастары болды. Осы арқылы жұлдыз Z буынын өз стилі мен даралығына адал болуға шақырды — тіпті неке қию рәсімінде де.
Vintage Bride
Атауына қарап, бұл эстетика еуропалық барахолкалардан алынған көне көйлектермен байланысты деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда шын мәнінде vintage bride бағыты — сән үйлерінің архивтерінен шабыт алатын стиль.
Бұл эстетиканың басты музасы — Кэролин Бессетт-Кеннеди. Оның үйлену көйлегі сән тарихындағы ең ықпалды образдардың бірі саналады. Соңғы уақытта оған қызығушылық «Американдық махаббат тарихы» сериалы арқылы қайта артты. Нарцисо Родригес арнайы тіккен інжу түстес комбинация-көйлек бүгінге дейін мінсіз талғамның символы болып келеді.
Сән мұрағаттарына жүгіну — ұтымды әрі әрдайым өзекті шешім. Қарапайым, минималистік силуэттер бүгінде қарапайымдылықтың емес, саналы тұтыну мен «тыныш сән-салтанаттың» белгісіне айналды. Егер образға ерекшелік қосқыңыз келсе, сәнді декорға, ашық арқаға немесе батыл ойықтарға назар аударған жөн.
Victorian Bride
Victorian bride эстетикасы — нәзіктік, салтанат және мәртебенің үйлесімі. Бұл бағытты кезінде Виктория патшайымы сәнге айналдырған болатын. Айтпақшы, дәл сол патшайым ақ түсті үйлену көйлегін танымал етіп, қазіргі қалыңдық образының негізін қалаған. Арада екі ғасырға жуық уақыт өтсе де, викториандық эстетика сән әлеміне қайта оралды.
Қазіргі victorian bride образы сол дәуірдің ең әдемі элементтерін біріктіреді: айқын силуэттер, көлемді белдемшелер, биік жағалар немесе ашық иықтар және нәзік шілтерлер. Тіпті француздық шантильи шілтерін де қолдануға болады.
Бұл — жеңіл жол іздемейтін, бірақ өміріндегі ең маңызды күнді ұмытылмастай өткізгісі келетін қалыңдықтың таңдауы. Мұндай эстетиканы Марго Роббидің «Грозовой перевал» фильмінің жарнамалық турындағы образдарынан және фильмдегі Кэти кейіпкерінің иығы ашық үйлену көйлегінен көруге болады. Нағыз романтика мен сәннің үйлесімі десек артық емес.
Автор: Мария Машкова. Аударған. Гүлдана Мұқан.