Бьюти-индустриядағы трендтер үнемі өзгеріп отырады: бір кездері айнадай жылтыр әрі жарқыраған тері басты назарда болса, бүгінде мамандар терінің тығыздығына көбірек мән бере бастады. Себебі уақытша сыртқы әсерден айырмашылығы, терінің тығыздығы тіндердің құрылымдық саулығын көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі.
Терінің тығыздығы дегеніміз не?
Терінің жарқырауы көбіне оның ылғалдану деңгейі мен жоғарғы қабаты — эпидермистің тегістігіне байланысты. Ал тығыздық одан әлдеқайда тереңде, дерма қабатында қалыптасады. Дәл осы жерде эластин, гиалурон қышқылы және терінің беріктігін қамтамасыз ететін коллаген қаңқасы орналасқан.
Теріде мимикалық әжімдер мүлде аз болуы мүмкін, бірақ соған қарамастан ол жұқарып, пергамент тәрізді көрінуі ықтимал. Дерманың қалыңдығын объективті түрде бағалау үшін жоғары жиілікті ультрадыбыстық зерттеу немесе биопсия әдісі қолданылады.
Терідегі құрылымдық өзгерістер жиырма жастан кейін-ақ басталады. Осы кезеңнен бастап ағзаның өз коллагенін өндіру қарқыны жыл сайын шамамен 1%-ға төмендейді. Терінің табиғи қаңқасының әлсіреуіне бірнеше фактор әсер етеді:
- фибробласт жасушалары белсенділігінің табиғи түрде баяулауы;
- ультракүлгін сәулелер мен тотығу стрессі;
- гормоналды өзгерістер, әсіресе эстроген деңгейінің төмендеуі;
- тері қабаттары арасындағы шекараның біртіндеп тегістелуі. Соның салдарынан тіндер зақымға бейім болып, серпімділігін жоғалта бастайды.
Косметика: ғылыми дәлел мен маркетингтің арасы
Терінің жоғалған тығыздығын тек сыртқы күтім құралдарының көмегімен толық қалпына келтіру мүмкін емес. Дегенмен дұрыс таңдалған белсенді компоненттер жаңа талшықтардың түзілуін ынталандыруға көмектеседі.
Ретиноидтар — сыртқы күтімдегі ең тиімді белсенді компоненттердің бірі. Олардың жаңа коллаген түзілуін ынталандыру қабілеті гистологиялық зерттеулермен дәлелденген.
С дәрумені — коллаген синтезіне қатысатын маңызды компонент. Алайда оның тиімділігі өнім формуласының тұрақтылығына тікелей байланысты.
Пептидтер, ниацинамид және ылғалдандырушы белсенді компоненттер терідегі бар құрылымдарды қорғауға және эпидермисті уақытша ылғалмен қанықтыруға көмектеседі. Алайда олар дерманың құрылымын түбегейлі өзгерте алмайды. Ал кремдердің құрамындағы коллаген молекулалары терінің терең қабаттарына ену үшін тым ірі болғандықтан, негізінен ылғалдандырушы қызмет атқарады.
Клиникалық процедуралар және ағзаны іштен қолдау
Терінің тығыздығын арттыруда жасанды көлем қалыптастырмай, ағзаның өз ресурстарын белсендіруге бағытталған аппараттық және инъекциялық әдістер айтарлықтай нәтиже бере алады. Олардың қатарында фракциялық лазер, микроинелі RF-лифтинг және биостимуляторлар инъекциясы бар.
Ал ағзаны іштен қолдау қажетті қоректік заттардың қан айналымы арқылы тіндерге жеткізілуіне негізделеді.
Омега-3 май қышқылдары жасырын қабыну процестерін азайтуға және күн сәулесінің әсерінен болатын зақымдарға қарсы тұруға көмектеседі.
Теңіз коллагенінің пептидтері дерма жасушаларына өзіндік сигнал беріп, эластин мен гиалурон қышқылының түзілуін ынталандыруы мүмкін. Рациондағы жеткілікті мөлшердегі ақуыз тіндердің қалыптасуы мен қалпына келуі үшін аса маңызды.
Ақуыз тапшылығы тәбет төмендеген кезде, соның ішінде GLP-1 препараттарын қолданумен байланысты кейбір терапия түрлерінде жиі байқалуы мүмкін.
Терінің тығыздығын ұзақ уақыт сақтаудың негізгі шарттарының бірі — жыл бойы күн сәулесінен қорғану. Бұл фотосолудың қарқынын шамамен төрттен бірге төмендетуге мүмкіндік береді. Ал терінің құрылымдық қаңқасын қалпына келтіру бір сәтте жүзеге аспайды. Мұнда жүйелілік пен уақыт маңызды: ретиноидтар мен клиникалық процедуралардың алғашқы көзге көрінетін нәтижелері тұрақты күтімнен кейін шамамен үш-алты ай аралығында байқала бастайды.
Harper’s BAZAAR ұсынған мақаланың түпнұсқасын сілтеме арқылы оқи аласыз.
Авторы. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.