Былтыр ғана трендке айналған Jelly Shoes туралы айтпаған жан кемде-кем еді: жартылай мөлдір резеңкеден жасалған бұл аяқкиім ерекше сұранысқа ие болды. Бірақ мұндай ойнақы әрі ерекше модельдермен расымен қоштасуға дайын болдыңыз ба? Дизайнерлер мен сәнқойлар асығудың қажеті жоқ екенін алға тартады. Себебі резеңке сандалдар, мюлилер мен вьетнамкалар әлі де өз сөзін айтады. Harper’s BAZAAR Kazakhstan бұл маусымда Jelly Shoes-ты қалай сәндеуге болатынын айтып қана қоймай, көзтартар әрі практикалық образдарға шабыт беретін 5 идея ұсынады.
Барлық керемет нәрсе — қарапайымдықтан басталады
Еркін әрі жеңіл образ жасау аса қиын емес. Ол үшін сізге тренч, жұқа лонгслив, кең пішімді шалбар және шағын танкеткадағы шәркей жеткілікті. Мұндай үйлесім демалыс күнгі бранчқа немесе құрбымен кофеханада кездесуге мінсіз жарасады.
Тағы бір сәнді нұсқа
Серуенге де, қатаң дресс-коды жоқ кеңсеге де дәл осындай ұстамды, бірақ сәнді look сай келеді. Көктемнің басты трендтерінің біріне айналған асимметриялы белдемше базалық гардероб элементтеріне жаңа реңк беріп, образға батылдық пен концептуалдық сипат қосады. Ал ПВХ-дан жасалған fisherman sandals — яғни балықшы стиліндегі сандалдар — қазіргі және өткен маусым трендтерін бір арнаға тоғыстырады.
Кешкі серуенге арналған образ
Chloé сән үйінің креативті директоры Чемена Камали командасымен бірге бірнеше маусым қатарынан қуыршақ стилін еске түсіретін, тіпті мультфильм кейіпкерлерінің аяқкиіміндей әсер қалдыратын резеңке аяқкиімнің образды қалай өзгерте алатынын көрсетіп келеді. Брендтің осы тәсілінен шабыт алып, кешкі шығуға арналған ерекше әрі талғампаз образды батыл таңдауға болады.
Жарқын болудан қорықпаңыз
Қанық түсті образдардан қорқудың қажеті жоқ — керісінше, олар көңіл күйді көтеріп, ең ыстық трендтерді бір образға жинайды. Поплиннен тігілген белдемше мен торлы резеңке клоги жарқын жейде мен жейдемен тамаша үйлесім табады. Ал сөмкені барынша ықшам әрі лаконикалық етіп таңдаған жөн — сонда образда артық акцент пайда болмайды.
Ковбой стилі
Егер Jelly Shoes-ты тағы қалай сәндеуге болатынын іздеп жүрсеңіз, бұл образды міндетті түрде қайталап көріңіз. Canadian tuxedo — яғни денимнен толық құралған образ — әмбебап стиль мен ковбой эстетикасын ұнататындар үшін әрдайым ұтымды таңдау. Мұндағы басты акценттер: замшадан жасалған сөмке, винтаж стиліндегі магнезит тасы бар әшекей және мөлдір вьетнамкалар.
Harper's BAZAAR мақаласының түпнұсқасын сілтеме арқылы оқи аласыз.
Автор. Мария Бурлака. Аударған. Гүлдана Мұқан. Фото. Брендтердің баспасөз қызметі.