Саяхатта бастысы – межелі жер емес, жолдың өзі. Бұл әсіресе жаяу серуенде ерекше сезіледі. Күн сайын ескі жолдармен, төбелер мен ормандар арқылы жүріп өтіп, таза ауаны сезініп, табиғаттың баяу ырғағына енгенде, сапардың өзі медитацияға айналады. Саяхат -жаңа жерлерді көру ғана емес, күйбең тіршіліктен арылып, ішкі дүниеңе терең бойлау мүмкіндігі. Егер сіз өмірге деген көзқарасыңызды өзгертетін жаңа шытырман оқиғаны бастан кешуге дайын болсаңыз, төмендегі жаяу туризм бағыттарын таңдай аласыз.

Әулие Иаков жолы, Испания және Франция

Әлемдегі ең әйгілі қажылық бағыттарының бірі – атақты Камино-де-Сантьяго. Бұл жолдар Испаниядағы Сантьяго-де-Компостела қаласында жатқан апостол Иаковтың қабіріне апарады және бүкіл Батыс Еуропаны қамтиды. Дәл осы маршрутпен француз стилисті Кристель Ажорж бен оның күйеуі Юбер Деланс Францияның оңтүстік-батысында орналасқан Лектур ауылындағы XVIII ғасырдан бері бос тұрған былғары зауытты тауып алған. Бұл олардың өміріндегі маңызды сәт болды – үш жылға созылған қайта жөндеу жұмыстарынан кейін бұл жер La Manufacture Royale de Lectoure қонақ үйіне айналған. Қазір бұл орын қажылар мен ерекше саяхатты ұнататын жандарды қабылдайды.

Кумано Кодо, Жапония

Бұл тізімде тек еуропалық емес, сондай-ақ азиялық жаяу маршруттар да бар. Батыста ол Камино-де-Сантьяго болса, Азияда оған тең келетін жол – Кумано Кодо. Бұл Кансай өңіріндегі үш көне синтоистік ғибадатхананы байланыстыратын ежелгі соқпақтар желісі. Камино-де-Сантьяго жолын санамағанда бұл маршрут ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген жалғыз қажылық бағыт. Мұнда сіз жапон дәстүрлері мен дзен философиясын тереңірек сезіне аласыз.

Пьемонтқа гастрономиялық саяхат, Италия

Италияда қажылық тек діни мақсатта емес, сондай-ақ гастрономиялық сапар ретінде де ұйымдастырылуы мүмкін. Пьемонт өңіріне келген саяхатшылар трюфель іздеп, Бароло шарабын жүзім өсірушілердің өздерінде дегустациялап үлгеріп, ал кешкісін ортағасырлық Монфорте-д’Альба қаласындағы төрт жұлдызды қонақ үйде демала алады.

 Harper’s BAZAAR ұсынған мақаланың түпнұсқасын мына сілтеме арқылы оқи аласыз.


Автор. Жанель Муканова. Аударған. Қорлан Тұрсынбекова. Источник заглавного фото. Shutterstock.com. Автор. aliaksei kruhlenia

Поделиться: