Кино әлемінде кейбір актерлер бір ғана рөлімен көрермен жүрегінен орын алып, елге танымал болып жатады. Қазақстандық кинода да мұндай актрисалар бар. Олар бір фильмдегі басты кейіпкерді сомдау арқылы халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, кейін олардың есімі көбіне сол бір рөлмен ғана байланысты болып есте қалады.

Альмира Тұрсын

Алмира Тұрсын – кәсіби актриса емес, психология және маркетинг саласында оқып бітірген. Жұлдызын жаққан жобасы: 2019 жылы жарық көрген «Томирис» тарихи драмасы. Ақан Сатаевтің режиссерлігімен таспаланған туындыда Альмира сақ патшайымын сомдап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген. Сондай-ақ, көркем фильм халықаралық деңгейде де үлкен резонанс тудырған еді.

Аянат Есмағанбетова

2005 жылы шыққан «Көшпенділер» фильмі қазақ киносы үшін ерекше жоба. Голливуд деңгейіндегі түсірілім, үлкен бюджет, тарихи сюжет. Дәл осы туындыда бой көрсетіп, бағын жаққан актриса — Аянат Есмағанбетова. Гауһар атты батыл да сұлу қыздың рөлін сомдаған ару көрермен есінде ұлы даланың еркін қызы бейнесінде сақталған. Алайда «Көшпенділерден» кейін Аянаттың кинодағы белсенділігі төмендеп, ол көрермен жадында тек осы бір фильмдегі рөлімен қалды.

Самал Еслямова

Самал Еслямова — әлемдік деңгейдегі ең жоғары марапаттардың біріне ие болған алғашқы қазақстандық актриса. Ол Сергей Дворцевойдың «Айка» драмалық фильмінде ойнап, 2018 жылы Канн кинофестивалінде «Үздік әйел рөлі» номинациясында жеңіске жеткен. Самал кәсіби актриса ретінде өз мансабын жалғастырып келе жатқанымен, көпшілік оны әлі күнге дейін «Айка» рөлімен ғана таниды.

Асель Сағатова

Қазақ киносының культтік фильмдерінің бірі – Ақан Сатаевтың «Рэкетир» картинасы. Бұл фильм тек криминалдық тұстарымен ғана емес, Асель Сағатованың ерекше бейнесімен де есте қалған еді. Оның нәзіктігі мен табиғи сұлулығы көптеген көрермендердің жүрегін жаулады. Алайда кейін актрисаның фильмографиясында басқа да жобалар болғанымен, ол көпшілікке «Рэкетирдегі» өз есімімен аттас «Асель» рөлімен ойға оралады.


Автор. Қорлан Тұрсынбекова. Источник заглавного фото. Instagram @akansatayev

Поделиться: