Қазақ халқының жүрегі мен жаны – оның әнінде. Ғасырлар қойнауынан жеткен халық әндері – көнеден қалған аманат. Әр буынның санасында жаңғырып, ешқашан өшпейтін, сарқылмайтын рухани қазына. Уақыт сынынан сүрінбей өтіп, бүгінге дейін тыңдалымы жоғары, халық жадынан өшпейтұғын өзіндік бояуындағы туындылар ескі болса да әлі де тыңдарман жүрегінде. Өнер деп аталатын бұл қазандықтағы мұрағат әуендері – үлкен буынның жастық шағының әнұраны ғана емес, қазіргі жастар үшін де рухани азық, эстетикалық ләззат.

Өшпейтін әннің күші – оның қарапайымдылығында, шынайылығында. Әрбір ән – елдің тұрмыс-тіршілігінен, табиғатынан, салт-дәстүрінен, даналық сөзінен сыр шертеді. «Гауһартас», «Қараторғай», «Елім-ай», «Дударай», «Сәулем-ай» сынды әндер – тек әуен емес, халқымыздың жанының үні. Бұл әндерді естігенде әрбір қазақ үшін өткеннің сарыны, кең даланың үні, бабалар үміті естіледі.

Қазақ вальсінің королі

Қазақ музыкасының алтын қазынасын толықтырған Шәмші Қалдаяқов – ән әлемінің мәңгі жұлдызы. Оның әндері — халықтың жүрегінен орын алып, әр қазақтың өмірімен үндесіп кеткен шынайы өнер туындылары. Қазақ вальсінің королі атанған Шәмшінің әр әнін білмейтін буын қазір кемде-кем. Ән ағаның музыканың төріне қойып кеткен мұраларын саусақ санау мүмкін емес. Тізбектей берсек: Сыған серенадасы, «Әнім сен едің, «Қайықта», «Арыстың жағасында», «Бәрінен де сен сұлу», «Сыр сұлуы», «Кешікпей келем деп ең», «Бақыт құшағында».

Күлім көз, оймақ ауыз, жазық таңдай

Халық әндерінің ішінде ел құлағына сіңіп қалған әндердің бірі бұлбұл үнді күміс көмей әнші Бибігүл Төлегенованың орындауындағы «Гауһартас» туындысы. Махаббаттың символына айналған әнде жігіттің сүйген қызына деген сағынышы, сүйіспеншілігі, жүрек толғанысы шынайы жеткізіледі. Сондай-ақ тазалық пен нәзіктік, сезімнің асқақтығы әр шумақтан сезіледі.

Қазақстандық The Beatles

«Дос-Мұқасан» ансамблі – қазақ эстрадасының алтын дәуірін бастаған, ұлт музыкасына жаңа леп әкелген аңызға айналған топ. 1970-жылдары сахна төрінде жарқ етіп шыққан бұл ансамбль халық әндерін заманауи өңдеумен қайта жаңғыртып, тыңдарман жүрегіне жол тартқан. «Той жыры», «Куә бол», «Қуанышым менің», «Жолың болсын», «Жан сәулем» сияқты өшпес әндер – ұлттың музыкалық жадында мәңгілікке сақталған туындылар. Олардың шығармашылығы қазақ эстрадасының дамуына зор үлес қосып, кейінгі буынға үлкен шабыт бермекке.


Автор. Қорлан Тұрсынбекова. Источник заглавного фото. Shutterstock. Автор. Dragon Images

Поделиться: