Биыл шоу-бизнес өкілдері үшін жетістікке толы жыл болды. Жұлдыздар елімізде ғана емес, әлемдік нарықта да топ жарып, талай марапаттың иегері атанды.
Қазақстандық музыканттар арасында атағы асқақтап жүргендердің бірі – IMANBEK. Әлемдік аренадағы талай жұлдыздармен жұмыс істеп жүрген ремиксмейкер 2024 жылы рекорд орнатты. Диджей ретінде де танымал Иманбекке «Грэмми» сыйлаған «Roses» трегіне арналған ремикс — Spotify платформасында 2 миилиард, ал жаһан бойынша 5 миллиард тыңдалыммен жоғары нәтиже көрсетті.
Дуа Липа, Никки Минаж, «Blackpink» тобының мембері Lisa-мен жұмыс істеу мәртебесіне ие болғандардың бірі — Ерқанат Садуханов. Eraholic лақап атымен танымал битмейкер Дуа Липаның жаңа альбомына енген 11 тректің 7-еуіне бит жазған еді. Ера тіпті британдық мега әншінің туындыларымен «Үздік латин-американдық ән», «Үздік k-pop ән», «Үздік хореография» номинациялары бойынша «MTV Video Music Awards 2024-те» жеңіске жетті.
Ал таяуда Семейлік биология пәнінің мұғалімі әйгілі рэпер Никки Минаждың «Pink Friday» 2 альбомының саунд-продюсері атанды.
Музыка саласында ғана емес, кино әлемінде де жағымды жаңалықтар жетерлік. Мәселен, отандық «Бауырына салу» драмасы «Оскар» марапатының лонг-тізімге енді.
Алайда аталмыш картина әйгілі марапат алдында жарық көрген шорт-тізімге өтпеген. Десе де, туындының күллі әлем бойынша түрлі 16 жүлдеге ие болып, халықаралық киносыншылардың оң бағасын алуының өзі үлкен жетістік.
Арт-хаус және авторлық туындыларымен танымал режиссер Әділхан Ержанов кезекті туындысының тұсауын биыл елімізде емес, шет елде кесті. Киногердің хоррор жанрында таспаланған «Кадет» картинасы 37-ші халықаралық Токио кинофестивалінде ұсынылды.
ACE Оңтүстік Кореяны бағындырды! «Ninety One» тобының мембері күллі Азияның атынан ATB «Asia’s Top Band» байқауына арнайы шақырту алып, қонақ болып қайтты. Азамат Ашмақын шетелден құр қол келмеді. Әнші шарада «Best Popular» номинациясын жеңіп алды. Азия елдерінің достығына негізделген аталмыш байқауда Азаматпен бірге Вьетнам, Монғолия, Филиппин және Оңтүстік Корея елдерінен келген өнерпаздар бақ сынаған.
Сән әлемінің «Оскарын» алғандар арасында Назым Қарпықова бар. «ARUNAZ» брендінің негізін қалаушы әрі дизайнері биыл желтоқсан айында марапатталды. Әдемі статуэтканы Назым өзінің инстаграм парақшасына жүктеп: «Өз Еліммен тек мақтанамын!!! Мен Бақыттымын!!! Қоржынымызға тағы бір сыйлық қосылды!!!» , — деп өзінің қуанышымен бөліскен еді.
Ғалымжан Молданазар үшін де биыл табысты жыл. Музыкант кезекті үнтаспасын Ұлыбританиядағы «Air Studio»-да жазып келді. Еске салсақ, тұманды альбионда орналасқан орталықта «The Beatles» тобының хиттері шыққан болатын.
Биыл Damelya Sweet үшін де жемісті жыл. Танымал блогер Оңтүстік Кореяда өткен «Face of Asia» байқауына қатысып, жеңімпаз атанды. Азия келбеті статуэткасын алу үшін желі жұлдызы отандық дизайнерлермен жұмыс істеген.
Сеул қаласының Дәмеліге сыйлаған марапаты бұл ғана емес. Бикеш жақында «Global Influencer Expo Awards 2024» шарасына қатысып, үздік деп танылды. Осылайша сылқым «Asias Top Artiste» статуэткасын қанжығасына байлады.
Автор. Гүлдана Мұқан. Источник заглавного фото. Instagram