Кино — бізді ең сәнді және ерекше атмосферасы бар орындарға жетелеп, шынайы өмірде сол жерлерге баруды армандатады. Жағымды жаңалық – картиналардағы кейбір локациялар расында да ба және сол қонақүйлерде тоқтауға болады. Олай болса сіздерді культтық фильмдердегі атақты қонақүйлермен таныстырамыз, онда өзіңізді аңызға айналған оқиғаның бір бөлігі ретінде сезіне аласыз.

Beverly Wilshire, Беверли-Хиллз: «Красотка»

Дәл осы атақты қонақүйде Джулия Робертс пен Ричард Гир сомдаған кейіпкерлердің махаббат хикаясы баяндалады. Beverly Wilshire – сән-салтанаттың синониміне айналған ерекше орын. Мұнда Элвис Пресли, Джон Леннон, Элтон Джон, Барак Обама және тіпті Далай-лама да мейман болған. Вивьен тұрған люкс нөмірі фильм үшін арнайы жасалғанымен, отель өз келушілеріне картинаның атмосферасына ену мүмкіндігін ұсынады. Мысалы, гидромассажды ваннада демалып, Prince and The Revolution тобының Kiss әнін айтып көруге болады.

Hotel Danieli, Венеция: «Турист»

Венецияның дәл жүрегінде орналасқан бесжұлдызды қонақүй «Турист» фильмінің түсірілім алаңына айналды. Фильмнің бірнеше сахналары отельдің холлында, баспалдағында және фойесінде түсірілді, ал Джонни Депптің кейіпкері тұрған бөлме бөлек әзірленіп, Гранд-каналға тамаша көрініс алу үшін арнайы жобаланған. Шынайы Hotel Danieli де кем түспейді: мәрмәр бағандар, сәнді интерьер және Венеция лагунасына ашылатын террасасы романтикалық демалыс үшін мінсіз орынға айналдырады.

Le Grand Hotel Cabourg, Кабур: «Коко до Шанель»

Францияның Нормандия жағалауында орналасқан тарихи қонақүй «Коко до Шанель» фильмінің басты орындарының бірі болды. Дәл осы аймақта аты аңызға айналған дизайнер өзінің алғашқы бутигін ашты. Le Grand Hotel Cabourg қонақүйі Belle Époque стиліндегі сәулетімен сол дәуірдің сән-салтанатын толық көрсетеді. Сәнді әрлеуі, алтын жалатылған мәрмәр панельдері мен керемет холлы оны нағыз сарайға айналдырады.

Hotel del Coronado, Сан-Диего: «В джазе только девушки»

Фильм сюжеті Флоридадағы қонақүйде өрбігенімен, режиссер Билли Уайлдер түсірілім үшін Калифорниядағы Hotel del Coronado-ны таңдады. 1888 жылы салынған бұл викториандық стильдегі ғимарат 1920-жылдардағы джаз дәуірінің көңілді атмосферасына мінсіз үйлесіп тұрды. Фильмнің көптеген көріністері қонақүйдің бөлмелерінде, банкет залдарында және люкс холлында түсірілген. Бүгінде бұл АҚШ-тағы ең романтикалық қонақүйлердің бірі, мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен жұптар үйлену тойларын өткізуге келеді.

Giraffe Hotel, Нью-Йорк: «Секс в большом городе»

Тізіміміздегі соңғы қонақүй – Giraffe Hotel. Бұл ерекше атауы бар қонақүй «Секс в большом городе» сериалының жанкүйерлеріне жақсы таныс. Себебі дәл осы жерде Мистер Бигтің пәтеріндегі көріністер түсірілген. Туындыда қызыл түске боялмақ болған қабырға енді минимализм стиліндегі сәнді интерьерге ауыстырылған. Отельде шоу кейіпкерлерінің постерлері, сериал дискілері және тіпті Сара Джессика Паркердің әтірінің иісі бар. Бірінші қабатында танымал бар орналасқан, онда Кэрри Брэдшоу сияқты Космополитен коктейлін ішіп, құрбыларыңызбен соңғы жаңалықтарды талқылауға болады.


Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан. Источник заглавного фото. Getty Images. Автор. FPG.

Поделиться: