Жұлдыздардың танымалдылыққа дейінгі кездері әрқашан да қызық. Әсіресе медиа тұлғалардың жанкүйерлері үшін. Олар кумирлерінің өнер жолын бастамай тұрған сәттерін жиі көргісі келеді. Harper`s BAZAAR Kazakhstan шоу-бизнес өкілдерінің жастық шағына саяхат жасап, бүгінгі таңда қандай өзгеріске ұшырағандарын ашып көрсетпек. Біздің «Жұлдыздар танымалдылыққа дейін және қазір…» яғни «до и после» айдарының кезекті кейіпкері – актриса, каскадер және цирк әртісі Марйам Сатай.

Марйам Сатайды туа біткен талант десек артық айтпаспыз. Актриса бала күнінен бастап Халық әртістері, яғни өнерде жүрген ата-әжесінің тәрбиесінде өскен. Оған қоса, Марйамның көпшілік назарында жүруіне әкесі Ақан Сатаевтың да үлесі зор. Танымал режиссердің қызы ретінде де Мариды халық біле бастаған болатын.

Десе де, Марйам өнерде талантымен танылды. 2016 жылдан бастап үлкен кинода жүрген актриса, бүгінде сұраныстағы жұлдыздар қатарында. Кішкентай кезінен қылықты болып өскен Мари, сондай-ақ, каскадер. Ол әлемге әйгілі Nomad Stunts тобының мүшесі.

Сегіз қырлы бір сырлы аруды цирк сахнасынан да көре аласыз. Бала күнінен дәл осы салаға қызығушылықпен өскен Марйам тыңбай еңбек еткенінің арқасында цирк әртісі атанды. Аттың құлағында ойнайтын Сатай-тегі біршама саланы қатар алып қана қоймай, аяулы жар және үлгілі ана болып жүр. Оған қоса, өзінің табиғи сұлулығымен де көптеген қыздарға мотиватор.


Автор. Гүлдана Мұқан. Фотосуреттер: Кейіпкердің жеке мұрағатынан.

Поделиться: