Наурыз – жаңару мен жаңғырудың, өткенге көз жүгіртіп, болашаққа үмітпен қараудың мерекесі. Бұл күндері біз халқымыздың мәдени мұрасын, салт-дәстүрлерін еске аламыз. Қазақ киносы да – ұлттық мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. Уақыт өткен сайын кейбір фильмдер назардан тыс қалып, ұмытылып жатады. Осы орайда, Наурыз мейрамының қарсаңында көпшілік жадынан өше бастаған, бірақ көркемдік құндылығы зор қазақ киносының жауһарларын назарыңызға ұсынамыз.

«Біздің сүйікті дәрігер» (1957)

Қазақ киносының алғашқы музыкалық комедияларының бірі. Фильм ауыл дәрігері Бекзат жайында. Оның образы сол кездегі қарапайым, адал, өз ісіне берілген дәрігерлердің символына айналды. Кинокартинаның жеңіл әзілдері, жылы атмосферасы, кеңестік кезеңдегі қазақ ауылының тыныс-тіршілігін көркем баяндауы көрерменге ерекше әсер қалдырады.

 «Көксерек» (1973)

Мұхтар Әуезовтің әйгілі шығармасының желісімен түсірілген бұл фильм табиғат пен адамның, өркениет пен жабайылықтың арасындағы күресті суреттейді. Бала Құрмаш пен қасқыр Көксеректің тағдыры көп көрерменді тебіренткені анық. Фильм тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де жоғары бағаланған. Қазақ әдебиетінің көрнекті туындысына негізделген картина өзіндік драматургиясымен қатар, әсерлі көріністері арқылы көрермен жадында мәңгіге сақталғаны хақ.

 «Қыз Жібек» (1970)

Қазақ халқының мәңгілік махаббат жырын сипаттайтын «Қыз Жібек» эпосының желісі бойынша түсірілген бұл фильмді елемеу мүмкін емес. Аңызға айналған Жібек пен Төлегеннің махаббат тарихы мәңгі есте жаңғыратындай, адам жанына медеу сыйлайды. Туынды қазақтың ұлттық болмысын терең сезінуге мүмкіндік береді. Әсем табиғат көріністері, көздің жауын алатын ұлттық киімдер мен керемет саундтрек картинаны нағыз кино жауһарына айналдырған. Тарихи фильмдерге қызығатын көрермен үшін таптырмас туынды, сонымен қатар кино әлеміндегі ең әдемі махаббат хикаяларының бірі.

«Атаманның ақыры» (1970)

Детектив жанрындағы бұл фильм қазақ киносының алтын қорына енген. ХХ ғасырдың басында орын алған оқиғаны бейнелейді. Кеңес билігі кезеңіндегі аласапыран уақытта Алматыда патша генералы Дутовтың қашып жүргенін көрсету арқылы қоғамдағы өзгерістер мен сол заманның атмосферасын дәл суреттейді. Өткен дәуірдің тарихи көріністері шынайы бейнеленген туындыда классикалық кеңестік детектив элементтері бар. Фильм қазақ киноөндірісіндегі тың жанрлық ізденістердің бірі.

«Гауһартас» (1975)

Қазақ киносының ең нәзік әрі сырлы фильмдерінің бірі. Басты кейіпкер – соғыс ардагері Ермек, оның жары Гауһартас. Жас жұбайлардың арасындағы күрделі қарым-қатынас, соғыстан кейінгі ауыр жылдардағы халықтың өмірі – фильмнің негізгі арқауы. Кино ұлттық бояуға бай, кейіпкерлердің тағдыры арқылы терең әлеуметтік мәселелерді қозғайды. Әсерлі актерлік ойын мен қанық эмоция, көңілге қонымды, шынайы өмірден алынған оқиғалар легі әдемі үйлесім тапқан тұщымды картина.

«Тақиялы періште» (1968)

Бұл комедияны көрмеген қазақ кемде-кем. Қазақ киносының алтын қорына енген, әрі бірнеше буын көрерменінің сүйіспеншілігіне бөленген фильм. Өзектілігі бүгінгі күнге дейін жойылмаған туынды ел есінде еміс-еміс сақталған, аңызға айналған деп айтсақ та болады. Нағыз қазақы юмордың көрінісін сипаттайды және еш бояусыз, жасандылықсыз. Комедия тек күлкі сыйлап қана қоймай, отбасы құндылықтары туралы ой қозғауға итермелейді. Санамызда ұмытылмас кейіпкер ретінде Тайлақ ұзаққа сақталғаны рас. Астын сызып айтатын дүниенің бірі: Тана апайдың рөлін сомдаған Әмина Өмірзақованың актерлік шеберлігі. Қазақтың ұлттық болмысын, ана мен бала арасындағы байланысты көрсететін ғажайып туынды.


Автор. Қорлан Тұрсынбекова. Источник заглавного фото. Архивы киностудии «Казахфильм»

Поделиться: