Қол – біз жиі назардан тыс қалдыратын ең сезімтал денеміздің мүшесі. Бет пен дене терісі тұрақты күтім алса, қол терісі сыртқы факторлардың әсерінен зардап шегеді: суық, жел, күн сәулесі, тұрмыстық химия және жиі жуу. Соның салдарынан тері құрғап, серпімділігін жоғалтады, жұқарады, ал уақыт өте келе пигментті дақтар пайда болады. Иә, қолдың қартаюы – табиғи процесс, бірақ оны қарапайым әрі тиімді тәсілдер арқылы баяулатуға болады. Қалай? Бұл туралы төменде айтып береміз.

Күннен қорғайтын кремді қолдану

Қол терісінің ерте қартаюының басты себептерінің бірі – ультракүлгін сәулелердің әсері. Олар коллаген мен эластинді бұзады, теріні құрғатып, пигментті дақтардың пайда болуына ықпал етеді. Сондықтан күн сайын, тіпті бұлтты күндері де, SPF 30-дан төмен емес күннен қорғайтын крем жағу маңызды.

Агрессивті жууға арналған заттардан бас тарту

Көптеген сұйық сабындар мен антисептиктер құрамында спирт пен сульфаттар бар, олар теріні құрғатады. Бұған жол бермеу үшін құрамында спирт пен агрессивті ПАВ (белсенді беткі заттар) жоқ жұмсақ тазартқыш құралдарды таңдаған жөн.

Фото. Shutterstock.com. Автор. liuhuaxuan

Теріні үнемі қабыршақтан тазарту (пилинг)

Қол терісінің қартаюын баяулатудың тағы бір әдісі – тұрақты түрде пилинг жасау. Аптасына бір рет жеңіл қол пилингін жасап, өлі жасушаларды кетіріп, терінің құрылымын жақсарту ұсынылады. Бұл үшін скрабтар немесе арнайы қышқылды пилингтер көмектеседі.

Қартаюға қарсы құралдарды қолдану

Күтіміңізге қартаюға қарсы кремдер мен сарысуларды қосқан жөн. Антиоксиданттар (С және Е дәрумендері) еркін радикалдармен күресіп, теріні ерте қартаюдан қорғайды. Пептидтер коллаген өндірісін көбейтіп, теріні тығыз әрі серпімді етеді. Ретиноидтар пигментті дақтарды азайтып, терінің құрылымын жақсартады.

Үй жинау кезінде қол терісін қорғау

Ыстық су мен тұрмыстық химия терінің қорғаныш қабатын бұзады. Бұл әсерді барынша азайту үшін ыдыс жуған кезде және үй жинау барысында әрдайым резеңке қолғап кию қажет.

Су теңгерімін сақтау

Ағзадағы судың аздығы терінің жағдайына кері әсер етеді. Атап айтсақ, оны құрғақ етіп әрі серпімділігін азайтады. Сондықтан күн сайын жеткілікті мөлшерде су ішу өте маңызды.

Harper’s BAZAAR Spain ұсынған мақаланың түпнұсқасын мына сілтеме арқылы оқи аласыз.


Автор. Жанель Муканова. Аударған. Қорлан Тұрсынбекова. Источник заглавного фото. Shutterstock.com. Автор. Prostock-studio

Поделиться: