Қазіргі заманда дәстүрлі ұстанымдар біртіндеп жаңа қарым-қатынас форматтарына жол беріп келеді. Солардың бірі — қонақты неке, яғни ерлі-зайыптылар бір шаңырақ астында тұрмайды, бірақ толыққанды жұп болып қала береді. Олар кейде бірге бала тәрбиелеп, ортақ бюджет те жүргізеді. Біреулер бұл форманы жеке кеңістік пен романтиканы сақтаудың керемет жолы деп санайды, ал енді біреулер — еркіндіктің уақытша иллюзиясы ретінде қабылдайды.

Фото. Shutterstock.com. Автор. PeopleImages.com — Yuri A
Адамдар неге қонақты некені таңдайды?
Жас ұлғайған сайын басқа адамның әдетіне бейімделу қиындай түседі. Иә, тәжірибе мен сабырлылық пайда болады, бірақ сонымен бірге тыныштықты, еркіндікті және жалғыз қалуға мүмкіндік беретін сәттерді жоғары бағалай бастаймыз. Жастық шақта махаббат — бұл ажырамастай болу деп ойласақ, уақыт өте келе шынайы сезімдерге үнемі физикалық жақындық қажет емес екенін түсінеміз.
Сонымен қатар, мұндай неке — отбасылық өмірден тәжірибесі бар адамдар үшін. Ажырасудан кейін олар күнделікті тұрмыс пен үй тіршілігі ең мықты деген сезімдерді де жоя алатынын түсінеді. Сол себепті екінші рет бұрынғы қателіктерді қайталамай, өздеріне ыңғайлы форматты таңдайды.
Қонақты некенің ең үлкен артықшылықтарының бірі — романтиканы ұзақ уақыт бойы сақтап қалу мүмкіндігі. Кездесулер күнде емес, белгілі бір уақытта болған соң, екі тарап та бұл сәттерді ерекше етуге тырысады. Таңғы жүдеу пижамалар, жуылмаған ыдыс не ваннада қалған сүлгі секілді тұрмыстық келеңсіздіктер болмайды. Оның орнына — күтімді жар, әдемі кездесулер және келесі көрісуді асыға күту.
Жеке еркіндік
Елестетіп көріңіз: сіздердің біріңіз — «бозторғай», таңғы 6-да тұрып, көңілді музыка қосады. Ал екіншіңіз — «жапалақ», түннің ортасында ғана ұйықтайды. Біреу үлкен қалаларды ұнатса, екіншісіне ауылдағы тыныштық ұнайды. Дәстүрлі некеде мұндай айырмашылықтар ымыраны немесе тіпті құрбандықты талап етеді. Ал қонақты неке — өз өмір салтын сақтап қалуға мүмкіндік береді. Бұл формат іс-сапармен жиі жүретін немесе әртүрлі қалада тұратын жандар үшін де өте ыңғайлы.

Фото. Shutterstock.com. Автор. PeopleImages.com — Yuri A
Қонақты некенің кемшіліктері
Бәрі соншалықты мінсіз болса, бұл формат неге қалыпты нормаға айналмады? Себебі өз қиындықтары бар.
Тұрақтылықтың жетіспеуі: бөлек тұратын жұптар уақыт өте келе серігін өз өміріндегі «қонақ» ретінде сезіне бастауы мүмкін. Қиын сәтте ол жанында болмауы ықтимал, ал телефон арқылы қолдау әрқашан жеткіліксіз.
Ажырап кету қаупі: дәстүрлі некеде күнделікті бірге таңғы ас ішу, серуендеу, күнді бірге талқылау секілді ұсақ, бірақ маңызды сәттер бар. Қонақты некеде жақындық азаяды, ал бұл эмоциялық байланыстың әлсіреуіне әкелуі мүмкін.
Қоғам әлі дайын емес: мұндай қатынас түрі танымал бола бастаса да, көпшілік үшін әлі де оғаш көрінеді. Әсіресе үлкен буын мұндай некені түсінбейді: «Отбасы бола тұра, қалай бірге тұрмайсыңдар?» деген сұрақтар жиі туындайды. Бұл – туыстар мен қоғам тарапынан қысым тудырады.
Күмән мен қызғаныш: серігі жанында болмаған соң, күдік пен ой туындай бастайды. Сенім болса да, кейде «Басқа біреуі бар шығар?» деген ой маза бермейді.

Фото. Shutterstock.com. Автор. PeopleImages.com — Yuri A
Қонақты неке — кез келген адамға арналмаған. Ол жеке кеңістік пен еркіндікті бағалайтын, өз әдеттері мен өмір салтынан бас тартқысы келмейтін жандарға өте ыңғайлы. Бірақ күнделікті жақындық, қолдау және отбасылық тұтастық маңызды адамдар үшін бұл формат қиындық тудыруы мүмкін. Кез келген қарым-қатынаста ең бастысы — екі тараптың да келісімі мен ішкі жайлылығы.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Қорлан Тұрсынбекова. Источник заглавного фото. Shutterstock.com. Автор. Kseniya Maruk