Рамазан айында көптеген адамдар ораза ұстағаннан кейін артық салмақ қосу мәселесіне тап болады. Бұл жағдай көбінесе ауызашар мен сәресі уақыттарында жоғары калориялы тағамдарды шамадан тыс тұтыну, ұйқы режимінің өзгеруі және физикалық белсенділіктің төмендеуімен байланысты. Артық салмақ қосудың алдын алу үшін келесі кеңестерді ұстану ұсынылады:
Дұрыс тамақтану
Сәресі: Сәресіде ақуызға бай тағамдарды тұтыну ұсынылады, себебі олар ұзақ уақыт тоқ жүруге көмектеседі. Мысалы, суға піскен жұмыртқа, майсыз ірімшік, қияр және аскөк. Сонымен қатар, қарақұмық сияқты күрделі көмірсуларды қосуға болады.
Ауызашар: Алдымен 300-500 мл жылы су ішіп, 7-10 минуттан кейін майсыз сорпа ішу ұсынылады. Кейіннен көкөністерден жасалған салаттар және ақуызға бай тағамдар, мысалы, пісірілген сиыр еті, тауық еті немесе майсыз қой етін тұтыну қажет.
Құрма тұтыну: Дәрігерлер кешке қарай құрма жеуден бас тартуға кеңес береді, себебі дүкендерде сатылатын құрмалар қантты сиропта сақталатындықтан, олар салмақ қосуға ықпал етуі мүмкін.
Күні бойы ағзаның су балансын сақтау үшін сәресіде және ауызашардан кейін жеткілікті мөлшерде су ішу маңызды. Бұл ас қорыту процесін жақсартады және артық салмақ қосудың алдын алады.

Фото. Shutterstock. Автор. MalikNalik
Физикалық белсенділік
Ауызашардан кейін 2-3 сағаттан соң 30 минуттық жеңіл дене жаттығуларымен айналысу ұсынылады. Бұл ас қорыту жүйесінің жұмысын жақсартып, жиналған майларды жағуға көмектеседі.
Ұйқы режимі
Рамазан айында ұйқының сапасы мен ұзақтығына мән беру қажет, себебі ұйқының жеткіліксіздігі тәбетті арттырып, зиянды тағамдарға деген құштарлықты күшейтуі мүмкін. Күндіз ұйықтап, түнде тамақтану гормоналды жүйеге әсер етіп, салмақ қосуға әкелуі ықтимал.
Осы кеңестерді ұстана отырып, Рамазан айында денсаулығыңызды сақтап, артық салмақ қосудан аулақ бола аласыз.
Автор. Harper’s BAZAAR Kazakhstan. Аударған. Гүлдана Мұқан. Источник заглавного фото. Shutterstock. Автор. Foxys Forest Manufacture