Ұқыпты маникюр барлығына ұнайтыны сөзсіз. Оны өзіңіз жасайсыз ба, әлде шеберге жүгінесіз бе – бәрібір, қолдың әрдайым әдемі көрінгенін қалаймыз. Бірақ оны ұзақ уақыт сақтау үшін арнайы күтім қажет. Үй жағдайында тырнақтарға күтім жасау өте оңай, әрі күн сайын оған аз ғана уақыт бөлу жеткілікті. Біз Harper’s BAZAAR India-дан барлық құпияларды білдік және сізбен бөлісуге дайынбыз.

Суды шамадан тыс қолданудан аулақ болыңыз

Шаш сияқты, тырнақтар да судың әсеріне өте сезімтал. Әрине, қолды жиі жумау керек деп айтпаймыз. Бірақ қолыңызды ұзақ уақыт суға салмауға тырысыңыз, мысалы, ванна қабылдау кезінде. Ыдыс жуу және үй жинау кезінде міндетті түрде қолғап киіңіз.

Кутикуланы маймен күтіңіз

Кутикуланы ерекше қорғау және күтім қажет. Аптасына бір рет оны апельсин таяқшасымен жуынып болғаннан кейін немесе арнайы сұйықтық қолданғаннан кейін тазалаңыз. Ал күн сайын қол кремі мен арнайы майларды жағыңыз. Құрамында пайдалы элементтері бар өнімдерді таңдаңыз, мысалы, жожоба майы, Е дәрумені немесе жүзім сүйегінің майы.

Денсаулық – тырнақтың ұзындығынан маңызды

Ұзын тырнақтарды ұнатуыңыз мүмкін, бірақ ең бастысы – олардың сау және берік болуы. Сондықтан қажет болса, ұзындығынан бас тартып, тырнақтарыңызды күшейтіңіз. Ал кейін оларды қалаған ұзындықта өсіре аласыз.

Базалық жабынды ұмытпаңыз

Лак немесе дизайн жасамас бұрын, тырнақтарыңызды мөлдір лакпен жауып қойыңыз. Бұл оларды сынудан және зақымданудан қорғайды.

Тырнақтарыңызға барынша демалыс беріңіз

Тырнақ күтімі олардың «демалу» кезеңдерін де қамтуы керек. Үнемі лак пен басқа құралдарды қолдану тырнақтарды құрғатып, сарғайтып, олардың құрылымын әлсіретуі мүмкін. Сондықтан арасында үзіліс жасап, табиғи күйіне келтіруге мүмкіндік беріңіз.


Автор. Harper’s BAZAAR Kazakhstan. Аударған. Гүлдана Мұқан. Источник заглавного фото. Shutterstock. Автор. Africa Studio. Фото. Пресс-офисы марок.