Жүктілік – әр әйел үшін ерекше әрі маңызды кезең. Алайда бұл сәттер тек қуаныш пен үмітпен ғана емес, кейде ішкі күйзеліс, қорқыныш пен мазасыздықпен де қатар жүруі мүмкін. Өкінішке қарай, жүктілік кезінде депрессиялық жағдайға тап болатын әйелдердің саны жылдан жылға артып келеді.

Жүктілік кезінде күйзеліске әкелетін бірқатар себептер бар:

Фото. Shutterstock. Автор. GBJSTOCK

1. Гормондық өзгерістер – эстроген мен прогестерон деңгейінің күрт өзгеруі көңіл күйдің ауытқуына әсер етеді.

2. Психологиялық қысым – алдағы аналық жауапкершілік, босанудан қорқу, сыртқы келбетінің өзгеруі сияқты факторлар мазасыздық туғызады.

3. Әлеуметтік жағдай – отбасындағы қолдаудың жеткіліксіздігі, қаржылық қиындықтар, жалғыздық сезімі.

4. Алдыңғы психикалық жағдайлар – бұрын депрессиямен немесе мазасыздықпен ауырған әйелдерде бұл күй қайта пайда болуы мүмкін.

Салдары

Жүктілік кезіндегі күйзеліс тек ананың ғана емес, болашақ сәбидің де денсаулығына әсер етуі мүмкін:

— Ұйқының бұзылуы, тәбеттің жоғалуы, шаршау;

— Жүктіліктің ауыр өтуі немесе мерзімінен бұрын босану;

— Баланың дамуында кідіріс немесе босанғаннан кейінгі депрессия қаупі;

— Ана мен баланың арасындағы эмоционалдық байланыстың әлсіздігі.

Қолдау мен емдеу жолдары

Фото. Shutterstock. Автор. Olena Ivanova

Мұндай жағдайға тап болған аналарға уақытылы қолдау көрсету өте маңызды:

— Жақындарының қолдауы – күйеуі, ата-анасы немесе жақын достары тарапынан түсіністік пен қамқорлық әйелдің психологиялық күйіне оң әсер етеді.

— Психологпен немесе психотерапевтпен жұмыс – арнайы маманмен әңгімелесу күйзелістің алдын алуға немесе оны жеңілдетуге көмектеседі.

— Денсаулыққа пайдалы өмір салты – таза ауада серуендеу, дұрыс тамақтану, жеңіл дене жаттығулары.

— Медициналық ем – қажет болған жағдайда дәрігердің тағайындауымен жеңіл антидепрессанттар қолданылуы мүмкін (тек бақылаумен).

Статистика бойынша

Жүктілік кезінде әйелдердің 10–20%-ы депрессияға шалдығатыны белгілі. 1997 жылдан 2003 жылға дейін Данияда жүргізілген 25 297 сау әйелді қамтыған ірі проспективті когорттық зерттеу барысында: босанудан қорқу мен босану әрекетінің дұрыс жүзеге асырылмауында байланыс анықталған. Жүктілік кезіндегі қорқыныш пен мазасыздық босанудың физиологиялық ағымын бұзып, миометрийдің жиырылу қабілетінің бұзылуына, босанудың екінші кезеңінің ұзақтығының артуына әкеледі және кесерва жасауға ең жиі кездесетін себеп болып табылады.

Қазақстанда осы мәселеге қатысты нақты статистикалық мәліметтер шектеулі. Дегенмен, кейбір зерттеулерде жүктілік кезіндегі стресс пен күйзелістің ұрық дамуына кері әсер ететіндігі атап өтіледі.

Мысалы, бір зерттеуде ананың тамақтану жағдайы, инфекциялар, пренатальды стресс және белгілі бір токсиндердің әсері ұрықтың дамуына әсер ететін факторлар ретінде қарастырылады. Бұл баланың дамуындағы ауытқулардың пайда болуына ықпал етуі мүмкін.

Фото. Shutterstock. Автор. Natalia Deriabina

Жүктілік – әйел өміріндегі ең нәзік әрі сезімтал кезең. Бұл кезде психологиялық жағдайға аса көңіл бөлу қажет. Күйзеліс – әлсіздік емес, бұл – көмекке мұқтаждықтың белгісі. Сондықтан әр болашақ анаға қамқорлықпен қарап, оның ішкі жай-күйіне түсіністік таныту – отбасының, қоғамның ортақ міндеті.


Автор. Қорлан Тұрсынбекова. Источник заглавного фото. Shutterstock. Автор. ShotPrime Studio

Поделиться: