Таиландтағы демалысынан оралған Баян Алагөзова бірден қызу жұмысқа кірісті. Продюсер Ерболат Беделханмен бірігіп, girls-бенд құратынын мәлімдеді. Бұған дейін ашық кастинг жариялаған медиа тұлғалар бүгінде жаңа топқа 20 үміткерді іріктеп алған. Қыздар академияда арнайы дайындық курстарына қатысып, ән айту, би және рэп оқудан мастер-класс өтуде.
Баян Мақсатқызы бұл ақпараттың барлығын өзінің Instagram парақшасында хабарлады. Ол Бағым Мұхитденовамен бірге k-pop бағытында өнер көрсететін girls-бенд құрып, топты Қазақстан ғана емес, шетелдік нарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Алагөзованың айтуынша, жоба продюсерлерге өте қымбатқа түскен. Себебі 20 таланттың арасынан үздіктерін анықтау үшін YouTube платформасына арнайы реалити-шоу түсірілмек. Яғни тыңдармандар мега-топтың құрылу тарихына куә болады.
Ал Баян Мақсатқызының әйгілі жобасы — КешYOU тобына келер болсақ, ұжым өз жұмысын жалғастыра береді. Продюсер 19 жылдық тарихы бар girls-бендтің жаңа ән жазып, бейнебаян түсіріп, алдағы уақытта тыңдарманына жағымды жаңалық ұсынатынын да айтты.
Автор. Гүлдана Мұқан. Источник заглавного фото. Instagram @bayanmaxatkyz @yb.juzent