Бүгінде сульфаттар – сау шаштың басты жауы секілді. «Тек сульфатсыз сусабын таңдаңыз!», «Беттік-белсенді заттар шашқа зиян!» немесе тіпті «Күкірт қышқылының тұздары – у!» деген кеңестерді жиі естиміз. Бірақ бұл компоненттер шынымен соншалықты қауіпті ме? Әлде сульфаттан бас тарту – сұлулық индустриясындағы кезекті тренд қана ма? Ендеше үнемі талқыға түсетін сұрақты бірге талдап көрейік.

Сульфат деген не және ол сусабын құрамына не үшін қажет?

Сульфаттар – тазартқыш компоненттер (ББЗ – беттік-белсенді заттар). Ең көп таралғандары – Sodium Lauryl Sulfate (SLS) және Sodium Laureth Sulfate (SLES). Олардың жуғыш қасиеті өте жоғары, сондықтан тек сусабындарда ғана емес, тұрмыстық химия өнімдерінде де жиі кездеседі.

Алғаш қарағанда, бәрі логикаға сай көрінуі мүмкін: тазарту күші қаншалықты жоғары болса, соғұрлым жақсы. Бірақ мәселе мынада – сульфаттар тазалау керек нәрсені таңдамайды. Олар кір мен күтімге арналған құралдардың қалдықтарымен қатар, бас терісі мен шашты қорғайтын табиғи липидтен тұратын қабатты да жойып жібереді.

Фото. Shutterstock.com. Автор. folyphoto

Неге көп адамдар сульфаттардан бас тартуды ұсынады?

Шаштың құрғауы: сульфатты сусабындар шаштың табиғи ылғалын кетіруі мүмкін, әсіресе жиі қолданғанда. Бұл сынғыш, әлсіз және шаштың жылтырлығын жоғалтуына әсер береді.

Бас терісінің тітіркенуі: кейбір адамдарда сульфаттар қышу, құрғақтық, қызару және тіпті қабыршақтану сияқты кері әсерлерді тудыруы мүмкін.

Шаш бояуының тез шайылуы: егер сіз шашыңызды бояған болсаңыз, сульфатты сусабын қолдану түсіңіздің жылдам ағаруына себеп болады.

Қоршаған ортаға әсері: сульфаттар толық ыдырамай, су мен топырақты ластауы мүмкін. Себебі олар табиғатпен бір бола алмайды.

Фото. Shutterstock.com. Автор. Kabachki.photo

Осындай мәселелерді ескере отырып, көпшілік сульфатсыз сусабындарға көшуге кеңес береді. Бірақ бұл да оңай шешім емес – себебі оларда да кемшіліктер бар.

Тиімділігі төмен болуы мүмкін: сульфаттар шашты жылдам және жақсы тазартады, ал жұмсақ беттік-белсенді заттар шашқа әлдеқайда нәзіктік сыйлайды. Нәтижесінде, сульфатсыз сусабын сәндік үшін қолданылатын құралдардың қалдықтарын, майларды және силикондарды толық жууға қауқарсыз болуы мүмкін.

Жылдам майлану: кейбір адамдар сульфатсыз сусабынға көшкеннен кейін шаштарының тез майланып кететінін айтады. Бұл тазарту деңгейінің төмендеуінен туындауы мүмкін.

Құрамында басқа агрессивті компоненттер болуы мүмкін: кейбір сульфатсыз сусабындарда Olefin Sulfonate сияқты ингредиенттер кездеседі, ал ол сульфаттармен бірдей қатты әсер етеді.

Бағасының қалта көтермеуі: сульфатсыз сусабындар көбінесе қымбат болады, себебі олардың құрамындағы жұмсақ тазартқыш заттарды өндіру күрделірек. Сонымен қатар, олар аз көбіктенетіндіктен, адамдар көбірек сусабын қолдануға мәжбүр болады, бұл өнімнің тез таусылуына әкеледі.

Фото. Shutterstock.com. Автор. liuhuaxuan

Кімдерге сульфатсыз сусабын қолданып көруге болады?
• Бас терісі сезімтал адамдарға
• Құрғақ және зақымдалған шаш иелеріне
• Бұйра шашты жандарға (оларға нәзік күтім қажет)
• Шашының түсін ұзақ сақтағысы келетіндерге

Ал егер сіздің шашыңыз қалыпты немесе майлы болса немесе сәндеуші құралдарды жиі қолдансаңыз, сульфатсыз сусабын сіздің күткеніңіздей болмайды.

Сульфатсыз сусабынды қалай таңдау керек?

Егер сіз сульфаттардан бас тартқыңыз келсе, құрамына назар аударыңыз. Мына жұмсақ тазартқыш компоненттері бар сусабындарды іздеңіз: Cocamidopropyl Betaine, Decyl Glucoside, Lauryl Glucoside. Сонымен қатар, құрамында табиғи майлар, өсімдік сығындылары және ылғалдандырғыш компоненттер (мысалы, глицерин немесе гиалурон қышқылы) бар өнімдерді таңдаған жөн.

Фото. Shutterstock.com. Автор. Sarayut Sridee

Қорытынды

Сульфаттардан бас тарту – шаш пен бас терісінің жеке ерекшеліктеріне байланысты қабылданатын шешім. Егер сізге сульфатты сусабын сай келіп, ешқандай жағымсыз әсерін тигізбесе, оны өзгертудің қажеті жоқ. Бірақ егер шашыңыз құрғақ, сынғыш немесе бас теріңіз тітіркенуге бейім болса, сульфатсыз баламаны байқап көруге болады. Ең бастысы – маркетингтік айлаларға сенбей, өнімнің құрамын мұқият оқу.


Автор. Жанель Муканова. Аударған. Қорлан Тұрсынбекова. Источник заглавного фото. Shutterstock.com. Автор. Pixel-Shot

Поделиться: