Баян Алагөзова көптен күткен уәдесінде тұрды. Продюсер әйелдерге арналған оңалту орталығын ашты. Мақсатқызы отбасында зорлық-зомбылық көрген нәзік жандыларға осылайша жәрдем бермек. Ол бүгінде өз жұмысын бастауға әзір.
«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балаларға арналған оңалту орталығын ашатынымды көптен бері айтып жүрмін. Орталық дайын! Жақында жұмысын бастайды. Қоғамның көзқарасын өзгертіп, әйелді қорлауға жол бермеу үшін барлық күш-жігерді жұмсау керек. Біздің орталық құтқарушы емес. Бақытты отбасыға арналған орталық болмақ. Орталық үлкен, жарқын, жайлы, жүзге жуық әйелді қабылдауға дайын. Бізде жетекші мамандар, яғни ең жақсы психологтар, заңгерлер, медицина қызметкерлері, тәрбиешілер, оқытушылар жұмыс істейді. Барлық әйелді қалай құтқаруға болады? Білмеймін, бұл мүмкін емес шығар. Бұл мәселеге қатысты қоғамның ойы мен көзқарасын өзгертуге болады. Зорлық-зомбылыққа жол жоқ», — деп Мақсатқызы жаңа орталық жайлы инстаграм stories-ында мәліметтермен бөлісті.
Мақсатқызы оңалту орталықтың атын да жасырмады. Ол Баян Алагөзованың енесі, яғни Тұрсен Алагөзовтың анасының құрметіне арналады.
«Оңалту орталығымыздың аты – «Клара». Бұл – менің жұбайымның анасының есімі. Мен Клара анамыздың бізге көктен қарап, игі істерге батасын беретініне сенемін», – дейді Баян Мақсатқызы.
Автор. Harper’s BAZAAR Kazakhstan. Источник заглавного фото: Instagram @bayanmaxatkyzy