«Кеш YOU» тобының экс-әншісі Балжан Бидаш жеке шығармашылығын қайта қолға алды. Сылқым 3 жылдан аса уақыт өнерден қол үзген еді. Harper’s BAZAAR Kazakhstan ұжымына BIDASH эксклюзивті сұқбат беріп, соло мансабындағы жаңалықтарымен бөлісіп, экс-күйеуімен ажырасу себептерін айтты. Балжанның алдағы жоспары қандай? Өміріндегі өзгерістер оған қалай әсер етті? Толығырақ сұқбаттан оқи аласыз.

Фото: Нышана Маркова Nyshana Markova

Стиль: Назгуль Бахыт Nazgul Bakhyt

Интервью: Гульдана Мукан Guldana Mukan

Соңғы кездері әлеуметтік желіде белсендісіз, түрлі форматтағы контент түсіріп жүрсіз. Мәселен food, travel, fashion сынды тақырыптар. Блогерліктен ниша қарастырып жатырсыз ба?

Сұлулықты жаным сүйеді. Креативті ойланамын. Айналама осыны таратқым келеді. Бірақ әлі де идеяларымды жүзеге асырдым дей алмаймын. Жоспарлап жүрген контенттер бар. Соларды қолға алу керек. Мысалы «Barbie» образы, «До, после» форматы аудиторияма жақсы кетті. Осындай контенттерден соң жаңа аудитория да келе бастады. Ажырасқаннан кейін біраз контенттерімді өшіруге тура келді. Үй шаруасын үйіріп әкететінімді, бармағымнан бал тамған аспаздығымды, шаруаны шашауын шығармай дөңгелетінімді  халық көрді, барлығына куә. Дегенмен, ол өткенім. Дәл қазір жүрегім қалайтын жұмыспен айналысып жүрмін.  

Адам адамға өмір сүруді үйретпеуі керек.
Әркімнің қалауы, таңдауы өз еркінде.

Үш жыл шығармашылықтан үзіліс алдыңыз. Өнерден алшақтап кеткен кезіңізді еске алыңызшы…

Бұл пауза ұзаққа созылды. Дегенмен жүрегім сахнаны әрқашан қалап тұрды, ол киелі мекенге сүйікті жар болсам да бір күні келетінімді сездім. Жақында, тележүргізушілікке қадам бастым. Мен үшін тың бағыт. Бірақ, бұл салада өзімді еркін сезінемін. Шектеуге шырмалып қалғаным бар. Кезіндегі батылдығымды жоғалтып алғандаймын. Сахнаны жатсынып қалған соң, әуелгіде қобалжығаным рас. Бірақ, соңында ашыла алдым. Тұрмыста жүргенде блогерлікке акцент қойдым. Бала кезден музыкаға ерекше қызыққаныма қарамастан, отбасылық өмірді алға қойып,  шығармашылығымды ысырып тастадым. Өйткені күйеуімнің талабы сол болды.

Нақты қандай шектеулер еді?

Менің түсінгенім, адам адамға өмір сүруді үйретпеуі керек. Себебі, әркімнің өз қалауы, таңдауы бар. Махаббат бар жерде қолдау бар. Гармония орнайды. Отбасымда еркін өстім. Әке-шешем ешқашан қалауымнан тыс дүниеге мәжбүрлеген емес. Екі ағам да қаталдық танытатындай қылығым болған емес. Олар әрқашан маған сеніммен қарап, әр бастамама қолдау білдіретін.

Күйеуіңіздің тарапынан қойылған шектеулер мен талаптар ажырасуға себеп болды ма?

Бұл өмірде бақытты болу үшін тәтті тамақ пен жақсы киім кию, аздық етеді. Ең бастысы жүрек тыныштығы. Еркімнен тыс дүниелерді жасауға мәжбүр болғандықтан, жан қалауым қанағаттанбағандықтан  арамызда түсініспеушілік орнады. Мұның бәрі соңында, ортамызды суытты. 

Экс-күйеуіңіз Жаһан Отарғалиев шаңырақтарыңыздың шайқалғанын бірінші жария етті. Ол: «Бәрі бітті», — деген stories салды. Көрдіңіз бе? Бұл ортақ шешім бе?

Расын айтсам, бұл видео ешқандай эмоция тудырған жоқ. Дәл сол сәтте маған бәрібір болды. Жаһанның қызба мінезді екенін білемін. Кейіннен  сол ісіне өкініп қалғандай болды. Негізі Жаһан өте мейірімді адам, сенімді дос, алған бетінен қайтпайтын, мақсатына жетпей қоймайтын жан.

Тұрмысқа шыққаныма еш өкінбейбін. Бұл неке – екеуімізге де сабақ болды.
 

Достық қарым-қатынаста қала алдыңыздар ма?

Ажырасуды мен қаладым. Бір күнде шештім де, кеттім. Дегенмен, эмоцияға берілмей, оған дер кезінде қолдау білдірдім. Өйткені ол кезең оған да ауыр. Ниетім түзу екенін көрсеттім.  

Шыны керек, көптеген оқырмандар үшін үлгілі жұптардың бірі болдыңыздар. Бұл жаңалықты аудиторияңыз қалай қабылдады?

Ешқандай блогер өзінің минустарын, ішкі кухнясын, шынайы бейнесін әлеуметтік желіге шығармайды. Біз де сондай инфлюенсерлердің  қатарында болдық. Конфликттерді көрсетпедік. Бақытты, қуанышты сәттер де болды. Біздің «позитивті» видеоларымызға үйреніп қалған оқырман, екі жаққа кеткенімізді қабылдай алмады. Басында сенбеді. «Жол» фильмі алдында жасалып жатқан PR қадам деп топшылады.  

Отбасылық өмір Балжанды қалай өзгертті?                             

Қатты өзгердім. Бірақ тұрмысқа шыққаныма еш өкінбейбін. Өйткені бұл неке – екеуімізге де сабақ болды. Адамдар бекер жолықпайды. Тағдыр шығар… Жаһаннан, сол тұрмыстағы өмірден үйренгенім, түйгенім жетерлік. Көп тәжірибе жинадым. Сол өмірді көрмегенде, әлі баяғы жас Балжан болып жүре берер едім. Қазір Балжан қатты есейді. Өмір есейтті. Бірақ осы Балжанды бағалаймын.

Менің адамым емес екенін сездім. Қайта оралмайтынымды ол да түсінді.

Жанұяңызға ажырасатыныңызды қалай айттыңыз?

Олардың тарапынан әрқашан қолдау болған, бола бермек.  Жастайымнан «Кеш YOU» тобының құрамында болдым. Студенттік шақта түрлі байқауларда бақ сынадым, концерттерге қатысып жүрдім. Жастайымнан табыс тауып, өз оқуымды өзім төлеп, үйдегілерді мазаламайтынмын. Қабілетімді көрген әке-шешем шешімдеріме қарсы келген емес. Біраз уақыт ата-анамнан жасырып жүрдім. Өйткені сол сәтте басқа қалада еді. «Мінезіміз жараспады. Бақытты болсын десеңіздер қолдаңыздар», — дедім.

Әйелдің кейпі —  ерінің айнасы.

Тұрмыста түсінгенім, әйелдің ішкі және сыртқы бейнесі ер азаматына байланысты. Ол тірлікке икемді ме жоқ па, бұл бастысы емес, бастысы бірі біріне деген қолдауы. Әйел күйеуінің қолдауының, махаббатының арқасында нәзіктікте жүру керек. Айтпағым, ол пысық па, жоқ па, тірлікке ебі бар ма, өзіне қалай қарайды маңыздысы ол емес.

Қайта қосылуларыңыз мүмкін бе?

Жаһанның табиғаты бөлек. Тіпті,  кешірім сұрауы да басқаша. Менің адамым емес екенін сездім. Қайта оралмайтынымды өзі де бірден түсінді. Дос болып сөйлесіп жүрдік. Сол аралықта Жаһан қайта қосылайық деді. Келіспедім. Себебі: болашақ көрмедім.

«Ажырасу – кіші өлім», — дедіңіз. Күйзелісті қалай еңсеріп жатырсыз?

Айрылысқанымызға 3 айдан асты. Бастапқы екі ай өте қиын болды. Жұмысқа бірден кірісіп, алдануға тырыстым. Қанша дегенмен, бауыр басып үлгердім. Сағыну болды.  Бірақ уақыт тез өтіп кетті. Жаратушыдан да қолдау сездім. Соңғы нүктеге өзім шешім қабылдағандықтан «қолыңмен істегенді, мойныңмен көтер» деген жауапкершілік болды.

Қазір не ойлап жүрсіз?

Мен ары қарай да BIDASH болып сахнаға шыға беремін. Жеке шығармашылықты қолға аламын деген ниет бар. Арық сөйлеп, семіз шыққым келеді.

Продюсерлерден ұсыныс түсті ме?

Өмірімді соңғы орынға қойып, жұмысқа баспен кіріп кетпеймін. Бизнес болсын, шығармашылығым болсын  серіктес тауып жұмыс істеуге дайынмын.

P.S. Сұқбат соңында ажырасқан қыздарға кеңесім: бастысы сенімділікті арттыру, ешнәрседен қорықпау, армандарыңа адал болу. Әйел – жеке тұлға, табиғаты нәзік жаратылыс. Қашанда қадіріңді қашырма, бағаңды біл.


МАКИЯЖ: АЙГЕРИМ КЕРИМБАЕВА; ПРОДЮСЕР: ДИНМУХАММЕД КЕРИМОВ

Поделиться: