Баян Алагөзова өмірінде орын алған жағымсыз жәйтті есіне алды. Продюсер ешкім естімеген жан сырын Айнұр Ілиясованың «Мамский әңгіме» подкастында бөлісті. Медиа тұлғаның 20 жасындағы алғашқы жүктілігі сәтсіз болған екен.
«Тұрмысқа 19 жасымда шықтым. 20 жасымда жүкті болдым. Үш рет құрсақ көтердім. Айсәуленің алдында бір бала шетінеп кетті. Айсәуле – екінші перзентім. Тұңғыш баламның жүрегі отыз алты аптаға жақындағанда тоқтап қалды. Өте ауыр болды. Бұл менің алғашқы күйзелісім еді. Ол кезде өте жас болдым. Физикалық тұрғыдан өте ауыр болды, өлген баланы босану үшін он күндей жүрдім. Дәрігерлер мені дайындады», – деп Баян Мақсатқызы сырымен бөлісті.
Продюсердің айтуынша, өлген баланы жатырдан тазалау үшін қаладағы ешбір емхана қабылдамаған көрінеді.
«Бұл оқиғаның болғанына – 29 жыл. Ол кезде медицина дамымаған кез. Ешқандай дәрігер жауапкершілік алғысы келмейді. Дәрігерлер ата-анамнан «егер бірдеңе бола қалса, ешқандай шағым түсірмейміз», деп қолхат жаздырып алды. Кесарь тілігін жасауға болмайды, өйткені инфекция түсуі мүмкін. Сол үшін он күн бойы дәрі салды. Кейін санап шықсам, сол кезде жамбасыма күніне қырыққа жуық екпе салған екен. Оңай емес, өлген баланы он күн бойы ішімде көтеріп жүрдім, сол үшін инфекция тарамасын деп екпе сала берді. Сосын он күннен кейін босандым. Бірақ үш айдан кейін Айсәулеге қайта жүкті болдым», – дейді Алагөзова.
Автор. Harper’s BAZAAR Kazakhstan. Источник заглавного фото: Instagram @bayanmaxatkyzy