Баян Алагөзова қызы Айсәуле Бақытбекке жан сырын ақтарды. Продюсер тұңғышының «Syrlasu» подкастында арнайы қонақ болды. Анасы мен қызы жылды қорытындылап, өмірлерінде орын алған жәйттермен бөлісті. Соның бірі – Баян Мақсатқызының 1 миллион доллар қарызы.

«Осыдан 10 жыл бұрын, 2-3 жобам сәтсіздікке ұшырап, қарызға баттым. Миллион доллар қарызым болды. Ол ақшаны ұрлап алған жоқпын. Істеген жұмысымның нәтижесі табыс әкелмеді. Сол кезде де мен өмірден баз кешіп, түңілген емеспін. Кез-келген дүниеге жеңіл қараймын. Қайғының түбіне де кетіп қалмадым. Ешкім мені келіп миллион доллар қарыздан шығармайды. Ол туралы сендер де білмейтін шығарсыңдар?! Білген күннің өзінде сенде менің қарызымды жабатындай миллион доллар жоқ. Онда неге сендерді уайымға батыруым керек?! Өзімнің де көңіл-күйім түспеді. Қол-аяғым мен басым бар, денім сау. Жұмыс істеуге қабілетті болып тұрғанда неге қайғырып жатуым керек деген ой болды. Сол ой мені қарыздан алып шықты. Қаншама жобаларым сәтті болып, миллион әкелді. Өмірдің осындай қарызға кіретін кезеңі болады. Ол кезеңнен мен де өттім. Сол кезде миллион теңге болмады менде. Бірақ өзімді жеп, жек көріп кеткен жоқпын. Тып-тыныш ұйықтадым.  Иә, қарызбын. Екі жылдан кейін тауып қайтардым. Егер өз-өзімді жеп, кінәласам, өзімнің психикама, денсаулығыма әсер етер еді. Саналы түрде бұдан өзіме жаман болатынын білдім», – дейді Мақсатқызы.

Сондай-ақ, Баян Алагөзова дәл осы жылы орын алған қайғылы оқиғаны есіне алды. Еске салсақ, биыл продюсердің әкесі өмірден өткен болатын.

«2022 жыл көңілді аяқталғанымен, 2023 жыл көңілсіз басталды. Ол сәтке оралғым келмейді. Бірақ сол қайғылы сәттегі өзімнің жағдайымның қалай болғанын айтқым келеді. Алғашында әкемнің өлімін қабылдай алмадым. Анамнан бастап, түгел ағайын-туыс жылап жатқанда менің көзімнен жас шықпады. Тас болып қалған адамға ұқсап қалдым. Өзіме жылауға тек ұшақта ғана рұқсат еттім. Бизнес класқа билет алып, Тұрсын менен кейін отырды. Салонда көп адам жоқ. Мен қатты жыладым. Сол кезде ғана барып, әкемді енді көрмейтінімді түсіндім. Жолдасым да мені мазалаған жоқ. Алты айға дейін әкем туралы ойламауға тырыстым және ол туралы естелік айтуға тыйым салдым. Ол кісі туралы өткен шақта айту қиын болды. Таныстарым мен құрбыларым әкем туралы айта бастаса, тыйып тастап отырдым. Жарты жыл өткеннен кейін барып, әкемді ойлай бастадым. Фотоларын қарап, оның бейнесін көз алдыма елестете бастадым. Ал қазір күн сайын әкемді есіме аламын. Әкем қайтқаннан кейін үйде отырғым келмеді. Шақырған жердің бәріне бардым. Оқырмандарым «Жылдық асы өтпей еш жерге шығуға болмайды. Көңіл айтып келетін адамдарды күтіп үйде отыру керек» дегенді жазып жатты. Менің қолымнан ол келмеді. Қазір әкемнің жоқ екенін қабылдағаннан кейін өмірді қайта сүре бастадым», –дейді Баян Алагөзова қызы Айсәулеге берген сұқбатында.


Автор. Harper’s BAZAAR Kazakhstan. Источник заглавного фото: Instagram @bayanmaxatkyzy

Поделиться: