Фейктер қалайша сәнге айналып кетті және сізге Louis Vuitton-ның көшірме сөмкесі керек пе?

Қаланың ішінде Gucci-дің көшірме футболкаларын қаншама адам киіп жүргенін байқадыңыз ба? Автовокзалға барып келіп, осы феноменді талқылап отырғанымызда құрбыларымның бірі «[Алессандро] Микеле бұған қуанар еді» деді.  Gucci-дің креативті директоры өз жұмысының жалған көшірмесін жасайтындарға шамданбайды. Өзіне қарата айтылған мәлімдемелерді де «жүрегіне жақын қабылдамайды».

Оның 2017 жылғы круиздік топтамасындағы заттардың бірі 1990 жылдардың басында аса қатты танымал болған америкалық тігінші Dapper Dan-нің туындысына қатты ұқсас болды. Бұл жанжалдан кейін Микеле тігіншімен серіктестік туралы мәлімдеп, оған жаңа ателье ашуға көмектесті. Бір қызығы, Дэниел Дэй («зардап шегушінің» шын есімі) кезінде ірі брендтердің фирмалық белгілерін шімірікпестен «көшіретінімен» аты шыққан.

Дәл сол кезеңде Микеле 1990 жылдардағыдай фейк футболкалардың көшірмелерін шығарды

Ал араға бір жыл салып, подиумда «Guccy» деген жазулы үлгілер пайда болды. Көшірме жасаушылар брендтің атауын жиі дәл осылай жазады. Және мысқылды «Guccify Yourself» және «Common Sense Is Not That Common» слогандары пайда болды.

Қазіргі таңда сән әлемінің фейктері ұятты істен көпшілік қалаған дүниеге айналды, осынысымен люкс туралы түсінікті тас-талқан етті. Осыдан 20 жыл бұрын мұндайды елестетудің өзі мүмкін емес еді. «Үлкен қаладағы құмарлық» сериалындағы Саманта түсетін және оның Fendi-дің көшірме сөмкесі әшкере болатын көрінісі естеріңізде ме? «Хеф (Playboy-дың негізін қалаушы Хью Хефнер – HB) бір қарағанда-ақ, Самантаның абыройы төгіліп, кірерге тесік таппады».

Алайда қазір «сапалы көшірмелер» индустрияда үлкен нарықты иеленіп отыр. Бұл жағдайға алғашқылардың бірі болып Демна Гвасалия басқаша қарап көрді. Екі жыл бұрын оның Vetements маркасы Сеулде ауқымды жаппай сатылым өткізді, онда брендтің аса танымал болған, түрі өзгерген заттарынан тұратын «The Official Fake» топтамасы басты хит болды. Кореялық нарықты Гвасалия бекер таңдаған жоқ. Дәл сол кезеңде Vetements-тің фейктері бәрінен де сонда жақсы сатылған.

Брендтердің «сапалы» көшірмесіне қалай қарайсыз?

2017 жылдың қаңтарында Louis Vuitton көше киімін өндіретін нью-йорктік Supreme брендімен коллаборация жасады

Мұндай жайтты 2000 жылдардың басында елестету мүмкін емес еді. Сол кезде Франция үйі скейтбордтар мен футболкалардың көшірмелеріне логотипті көшіріп басқандары үшін америкалықтармен соттасты. Араға 20 жылдан аз уақыт өтіп – LVxSupreme топтамасындағы заттар лезде сатылып кетті.

Және бұл бүкіл дүниежүзіне мәлім болған мысалдар ғана. Осы жылдың басында Diesel Нью-Йоркте өз маркасының көшірме заттары сатылатын уақытша дүкенді ашты. Маңдайшада «Diesel-дің» орнына «Deisel» деп тұрды, ал бағалары ресми дүкендерінен әлдеқайда арзан болды.

Брендтердің «сапалы» көшірмесіне қалай қарайсыз?

Осының аясында нақ көшірмелер (бұл екі сөздің тіркесі күлкілі көрінгеніне қарамастан), қайтадан көпшіліктің назарын аударды.

Ал заманауи сәндегі плагиатты әшкерелейтін @diet_prada аккаунты бұрынғыдай маңызды емес секілді. Jessica Buurman сайтынан кез келген сәнді затты аз ақшаға табуға болады. Өзіміз білетін Алматыдан Gucci-дің шұлығын үш мың теңгеге, «McQueen-ге ұқсайтын кроссовкиді» 13 000 теңгеге табуға болатыны анық. Ал ерінбей, барахолкаға барсаңыз, онан да арзан табасыз.

Қазіргі сәннің осыдан 100, 50, тіпті 20 жыл бұрынғыдан қатты ерекшеленетіні соншалықты, кейбір көшірмелерді нағыз өнер туындысы дерсің. Алайда интеллектуалдық меншікті көшіру мен ұрлаудың ара-жігін қалай ажыратуға болады? Жұмыс жасап келе жатқанына қаншама жыл болған индустрияда жүз пайыз жаңа әлдене ойлап табу мүмкін бе? Бұл сұраққа нақты жауап жоқ шығар. Алайда Louis Vuitton сөмкесінің көшірмесі сізге оның түпнұсқасы барда ғана керек. Әйтпесе, тұтас миллиондаған жүйе дереу құрдымға кетеді.


Harper’s BAZAAR Kazakhstan.

Поделиться: