Әлемдік талай халықаралық кинофестивальдердің лауреаты «Бауырына салу» фильмі Oscar 2025 марапатына ұсынылды. Мұндай қуанышты жаңалықты лента режиссері Асхат Кучинчиреков инстаграм желісінде мәлімдеді.
Еске салсақ, «Бауырына салу» фильмі — қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрі, яғни баланы туыстарына, ата-әжесіне тәрбиелеуге беру мәселесі қозғалған. Бұл тақырып қазақ мәдениетінде айтылса да, кеңінен талқыланған емес. Картина тұңғыш немеренің күйзелісін суреттейді.
«Бауырына салу» фильмі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен түсірілген. Картина таяуда ғана «Тұлпар» ұлттық сыйлығын иеленді және Oscar комитетіне International Feature Film номинациясы бойынша Қазақстан атынан ұсынылып отыр.
Америка кино академиясының дауыс беруі үш кезеңнен тұрады. Мәселен, 9-13 желтоқсан аралығында академиктер шорт-лист жасақтайды. Оның нәтижесі 17 желтоқсан белгілі болады. Ал дауыс бері 2025 жылдың 8-12 қаңтары аралығында өтеді. Оның қорытындысы бойынша 17 қаңтарда барлық санаттағы номинаттар тізім жарияланады. Соңғы кезең 11-18 ақпанға жоспарланып отыр. Ал Oscar жеңімпаздарының есімі 2025 жылдың 2 наурызында Лос-Анжелесте конверттерді ашу салтанатында жарияланады.
Автор. Гүлдана Мұқан. Источник заглавного фото. Instagram @baurynasalu.film