15-сәуір Қозы Көрпеш – Баян сұлу ғашықтар күні! Harper`s BAZAAR Kazakhstan мерекеде отандық шоу-бизнестегі трендтен түспейтін, ел аузында жүрген жұлдыз жұптарға шолу жасады. Олай болса, көпшіліктің назарында жүретін есімдері жаңалықтардан түспейтін ғашықтармен таныс болайық.

Alem мен Вероника Жанғалова көпшіліктің сүйікті әрі үлгілі жұптарының бірі. Десе де, қос ғашық отау құрғаннан кейін 4 жылдан кейін бірақ некеге отырып, фолловерлерді біраз шулатты. Еске салсақ, «Ninety One» тобының мембері алғашында сүйіктісімен тек мұсылмандық неке қиған болатын. Бүгінде жұп заңды түрде ерлі-зайыптылар.

«Ninety One» тобының тағы бір мүшесі ZAQ-тың да жеке өмірі халықтың назарында. Рэпер стилист Жадыра Абдулжаппаровамен қарым-қатынасын біраз уақытқа дейін жасырып жүрген болатын. Алғашында олар Ерболат Беделханның JUZ Entertainment лейблында әріптес болып, бірге қызмет еткен. Ғашықтар қосылғаннан кейін бірнеше жылдан кейін бірақ үйлену той жасады.

RaiM мен Ерке Есмаханның махаббат хикаясына күллі Қазақстан куә. Атышулы жұп сезімдерін бір мезетте паш етіп халықты таңқалдырған еді. Олардың 2018 жылы басталған қарым-қатынастары 2023-те заңды некеге ұласты. Бүгінде RaiM мен Ерке 12 жас айырмашылыққа қарамастан бақытты. Сондай-ақ олар Ислам есімді ұл тәрбиелеп отыр.

Фариза Ескермес жақында ақ келін атанады! Актрисаға таяуда ғана сүйіктісі жүрегі мен жүзігін ұсынып, тұрмысқа шығуға келісімін сұрады. «Иә», — деп жауап берген Фариза ғашығы Андрей Чалковпен 10 жылдан бері таныс. Ғашықтар 2014-те кездесіп, арада 6 жыл өткен соң жұп атанған. Еске салсақ Ескермес-тегінің болашақ күйеуі – өзге ұлт өкілі.

Әли Оқапов пен Ақерке Бүркітбай қарым-қатынасын барынша жасырған жұп. Қос танымал карантин кезінде отау құрған болатын. Олардың көңіл-жарастырғаны жайлы көпшілік алғашында бейхабар болды. Бүгінде Әли мен Ақерке отбасылық өмірлерімен желіде белсенді түрде бөлісіп отырады.

Арман Юсупов пен Карина Оксукпаева әрдайым тренде. Желі жұлдыздары жұп ретінде көпшілікке үлгі болып жүр. Үш ұл тәрбиелеп отырған блогерлер парақшаларында мотивацияға толы кеңестерін де беріп отырады.

Былтыр өзінен 9 жас кіші жігітке тұрмысқа шыққан Әсел Сәдуақасова да жұрт назарында. Актриса жас маркетолог Мағжан Тілеуханмен үйлену тойын дүркіретіп атап өткен болатын. Тіпті жас жұбайлардың салтанатты рәсімі 2023 жылғы «Жыл тойы» атанып кетті.

Баян Алагөзова мен бизнесмен Тұрсен Алагөзовке жұп ретінде қызығатындар көп. Мәселен Баян Мақсатқызының әр бастамасына күйеуі қолдау білдіріп отырады. Ғашықтар күллі әлемді аралап, жиі саяхаттайды. Оған қоса бизнесті де бірге алып жүреді. Тұрсен кәсіпті дөңгелетсе, Мақсатқызы амбассадор ретінде оны жарнамалайды.


Автор. Harper’s BAZAAR Kazakhstan. Фото. Instagram @xcialem

Поделиться: