Милан сән апталығы күні кеше аяқталды. Дәл осы фэшн көрсетілімнен соң биылдан бастап Sciura (оқылуы – «Шура») стилінің сұранысқа ие болатынына көзіміз жетті. Ал бұл ерекше эстетика нені білдіреді? Sciura – миландық диалектідегі сөз, ол итальян тілінен signora («синьора») сөзінің өзіндік интерпретациясы. Бұл – Миланның орталығында тұратын, сәнді әрі талғампаз киінетін ауқатты, жасы үлкен әйелдерді сипаттайды. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – өмір мен сәнге деген сүйіспеншілігін жоғалтпаған стильді әже.
Мұндай синьоралар дизайнерлер үшін шабыт көзіне айналды. Олардың образы нағыз итальяндық шиқты бейнелейді, оған көпшілік ұмтылады. Sciura-ны жұрт арасынан бірден тануға болады: ол мехті пальто, үлкен алтын әшекейлер, дизайнерлік сөмкелер, жинақы костюмдер киеді және әрқашан мінсіз маникюрмен жүреді. Бұл образды көз алдына елестету үшін Элена Феррантенің «Менің гениалды құрбым» кітабындағы кейіпкерлерді еске түсіру жеткілікті.




Соңғы жылдары итальяндық «әжелер» ашық түсті киімдерді де киіп жүр, себебі бұл образдар олардың гардеробтарына тамаша үйлеседі. Лаконикалық водолазкалар, жүннен тігілген жакеттер, миди белдемшелер, өкшелі туфлилер мен үлкен алқалар мінсіз жарасып кетеді. Дизайнерлер де батыл тәжірибе жасап, Sciura стилін қызығырақ ете түсті. Подиумдарда енді белі қынамалы баскалы блейзерлер, жылан терісінен жасалған етіктер, абстрактілі текстуралар мен кестелер жиі кездеседі. Тік сызықты пальто, қарындаш белдемшелер, винтажды дивандарды еске түсіретін тондар мен үлкен көзілдіріктер – осы «кастаның» басты атрибуттары болып қала береді.


Бүгінгі күні Sciura стилін қалай интерпретациялауға болады?
Киіміңізді жасанды түрде қартайтудың қажеті жоқ. Бірақ негіз ретінде тар миди белдемшелер, джемперлер, брошьтар, классикалық туфлилер, мамық пальтолар немесе жамылғыларды ала аламыз. Эстетика джинсы шалбарларды, қысқа тондарды, «Матрица» стиліндегі көзілдіріктер мен күшіктің немесе багеттің пішініндегі креативті сөмкелерді де жоққа шығармайды. Ең бастысы – миландық әжелердің зергерлік бұйымдары мен дизайнерлік аксессуарларын қандай абыроймен тағатынын сақтай білу. Олардың өмірлік философиясына сәл тереңірек үңіліп, La Dolce Vita (Тәтті өмір) концепциясын батыл көрсету артық етпейді.




Harper’s BAZAAR ұсынған мақаланың түпнұсқасын мына сілтеме арқылы оқи аласыз.
Автор. Мария Бурлака. Аударма. Гүлдана Мұқан. Источник заглавного фото. Spotlight.