Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық — қоғамды алаңдатқан өткір мәселелердің бірі. Статистика бойынша, жыл сайын елімізде 100 мыңнан астам әйел осы жағдайға тап болады. Бұл — әрбір сағат сайын кемінде 10 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегеді деген сөз. Дегенмен, бұл — тіркелген көрсеткіш қана. Сарапшылардың айтуынша, нақты сандар бұдан да жоғары болуы мүмкін, себебі көп жағдайда әйелдер қорқыныш пен ұят ұғымы үшін құқық қорғау органдарына жүгінбейді. Мәселен, Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2023 жылы полицияға 120 мыңнан астам шағым түскен. Ал 2024 жылдың алғашқы төрт айының көрсеткіші бойынша арыздар саны 28 189 мың болған.

Бұл мәселенің қоғамдағы өзектілігін отандық киногерлер де айналып өтпеді. Олар түрлі фильмдер мен жобалар арқылы тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбын көтеріп, көрерменнің санасына әсер етуді мақсат еткендей. Назарларыңызға дәл осы тақырыпқа арналған қазақстандық фильмдердің тізімін ұсынамыз.

«Бақыт», (2022)

Баян Мақсатқызының продюсерлігімен жарық көрген 21-ші туынды — «Бақыт» фильмі. Режиссер Асқар Ұзабаев түсірген бұл авторлық картинада тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі терең әрі шынайы көрсетілген. Айта кетсек, бұл фильм әлемге танымал «Берлинале» кинофестивалінде «Көрермен көзайымы» жүлдесін жеңіп алып, халықаралық деңгейде жоғары бағаға ие болды.

«Лай», (2024)

Режиссер Олжас Ибраевтің «Лай» фильмі — зорлық-зомбылық құрбаны болған әйелдің ауыр тағдырын бейнелейтін әлеуметтік драма. Басты рөлді актриса және блогер Әсел Асқар сомдап шыққан. 2024 жылы жарық көрген фильм 7 миллион теңгеге түсіріліп, пост-продакшнмен бірге жалпы бюджеті 25 миллион теңгені құраған.

«Ұлболсын», (2020)

Танымал режиссер Әділхан Ержановтың «Ұлболсын» фильмі де осы тақырыпты қозғайды. Картинада басты кейіпкер сіңлісін еркінен тыс тоқалдыққа алмақ болған адамнан арашалап қалуға тырысады. Фильмде Әсел Сәдуақасова, Берік Айтжанов, Ерболат Әлқожа, Данияр Алшынов, Санжар Мәди және Динара Сағи сынды актерлік каст бой көрсетеді.

«Жена», (2021)

Қанат Бейсекеевтің режиссерлігімен таспаланған «Жена» деректі фильмі — шынайы оқиғаларға негізделген туынды. YouTube платформасына арналған бұл жоба қоғамда үлкен резонанс туғызды. Фильмде әйеліне және балаларға қол көтерген күйеуінен зәбір көрскен жанның өзі сұхбат беріп, бастан өткен оқиғасымен бөліседі.

«Шыда», (2024)

Тұрмыстық зорлық тақырыбы тек толықметражды фильмдерде ғана емес, телехикаяларда да көрініс табуда. НТК арнасында көрсетілген «Шыда» телехикаясы — абьюзерлік қарым-қатынас пен сатқындық жайлы ашық баяндайтын туынды. Бір маусымнан тұратын бұл жоба ішімдікке салынған күйеуінен күнделікті қысым көретін әйелдің тағдырын суреттейді.

Бұл фильмдер мен жобалар — тұрмыстық зорлық-зомбылықтың шынайы бет-бейнесін ашып, қоғам назарын аударуға бағытталған маңызды қадам. Мәдениет пен өнер арқылы мұндай өзекті мәселелерге үн қатып, сана-сезімімізді ояту — әрқайсымызға ортақ міндет.


Автор. Гүлдана Мұқан. Источник заглавного фото. Shutterstock. Автор. Antonio Guillem

Поделиться: