Үлкен қалада өмір сүру – тек денсаулыққа ғана емес, теріңізге де әсер етеді. Мұнда біз шаң-тозаң, түтін, көліктердің шығаратын газдары, зиянды химиялық заттар, телефон мен компьютерден тарайтын көк жарық, сондай-ақ ауада кездесетін ауыр металдар жайлы айтып отырмыз. Сондықтан теріні ластанудан қорғау өте маңызды – бұл оның ұзақ уақыт бойы серпімді, жас әрі тартылған күйде қалуына көмектеседі деп жазады Harper’s BAZAAR India. Айтпақшыы, бұл үшін күтім жүйеңізді түбегейлі өзгертудің қажеті жоқ — тек пайдалы өнімдер мен дағдыларды енгізу жеткілікті.

Қос сатылы тазарту

Мамандар теріні екі кезеңмен тазалаудың пайдасы жайлы жиі айтады. Алдымен, өлі жасушаларды, косметика мен SPF-қорғаныс қалдықтарын кетіру үшін май немесе гель негізіндегі құралды қолданыңыз. Содан кейін — көбік немесе муссты көріңіз, бұл формулалар теріге тереңірек еніп, қажетсіз қалдықтарды түгелдей шығарады.

Күннен қорғайтын крем

Күн сәулесі теріңізді қатты зақымдауы мүмкін, егер ол қорғалмаған болса. Санскринді тек таңертең жағып қана қоймай, оны күн бойы қайта жағу қажет. Өнім сатып аларда кең спектрлі (кемінде SPF 30) және UVA мен UVB сәулелерінен қорғайтын түрін таңдаңыз.

Фото. Shutterstock. Автор. Inside Creative House

Терінің қорғаныс қабатын күшейтіңіз

Косметикалық құралдардың құрамынан С, Е және А дәрумендерін іздеңіз — бұл антиоксиданттар, олар бос радикалдарды бейтараптандырады. Өз кезегінде теріні ерте қартаюдан сақтайды. Ал гиалурон қышқылы, азиат центелласы және керамидтер терінің қорғаныс қабатын қалпына келтіріп, ылғалды ұстап тұруға көмектеседі, себебі ластану терідегі ылғалды «тартып алады».

Пилингті ұмытпаңыз

Өлі жасушалар терідегі кірдің бөлшектерін ұстап тұрады, бұл — құрғақтық пен қабынудың себебі. Сондықтан, пилингте, жақсы ылғалдандыру сияқты, маңызды. Сондай-ақ аптасына бірнеше рет пилинг немесе энзимді ұнтақ қолдануға кеңес беріледі.

Теріні ластанудан қорғау үшін тек күтімнің ретін сақтау жеткілікті. Мысалы, пилингтен кейін ретинол қолданбаңыз және крем жағар алдында міндетті түрде тоник қолданыңыз. Сонда теріңіз табиғи жарқырауға ие болып, қосымша ылғалдандыруды қажет етпейді.


Автор. Harper’s BAZAAR Kazakhstan. Аударған. Қорлан Тұрсынбекова. Источник заглавного фото. Shutterstock. Автор. popcorner.

Поделиться: