Түнгі аспанға қарап, сансыз жұлдыздарды тамашалауда бір сиқыр бар — олар барқыт төсеншіке шашылған маржандай көрінеді. Алайда қала шуы мен жарықтың ластануы бұл көріністен толық ләззат алуға кедергі келтіреді. Дегенмен, әлемде түнгі аспанның ғажайып көріністерін тамашалауға арналған ерекше орындар бар. Ендеше, жұлдыздарды бақылауға ең қолайлы жерлердің қайда орналасқанын бірге білейік.

Юта, АҚШ

Фото. Shutterstock.com. Автор. Mike Ver Sprill

АҚШ-тың Жабайы Батыс аймағы кең байтақ далаларымен және ерекше ландшафтарымен танымал. Бірақ Юта штаты — тек табиғатымен ғана емес, астрономия әуесқойларына арналған жұмақ мекен ретінде де ерекше. Бұл жерде Dark Sky International ұйымының жұлдыздарды бақылауға арналған әдемі жерлері өте көп.


Штатта арнайы рейнджерлер жыл бойы шоқжұлдыздар бойынша экскурсиялар өткізеді, ал маусым айында әлемнің түкпір-түкпірінен келетін жұлдыз сүйер қауымды жинайтын астрономиялық фестиваль өтеді. Сонымен қатар, Ютада толық ай кезінде түнгі серуендер ұйымдастырылады. Дегенмен, ай жарығы неғұрлым ашық болса, жұлдыздар соғұрлым аз көрінеді — таңдау өзіңізде.

Аораки Маккензи Қараңғы Аспан Қорығы, Жаңа Зеландия

Фото. Shutterstock.com. Автор. Matt Makes Photos

Жаңа Зеландия көгілдір шығанақтар мен жанартау тауларынан бастап өзінің көз тартар табиғатымен танымал. Бірақ мұндағы түнгі аспан да сондай әсерлі. Оңтүстік жарты шарда мүлде басқа шоқжұлдыздар жарқырайды, ал оларды тамашалауға ең қолайлы орын — Аораки Маккензи. Бұл – оңтүстік жартышардағы ең үлкен қараңғы аспан қорығы. Мұнда Оңтүстік Крест, Магеллан бұлттары және басқа да ғарыш нысандарын айқын көруге болады.

Керри қараңғы Аспан Қорығы, Ирландия

Еуропадағы жұлдызды аспанды тамашалауды армандайтындар үшін Ирландиядағы Керри графты назар аударуға тұрарлық. Мұнда әлемдегі үш Gold Tier Dark Sky International мәртебесіне ие резерваттардың бірі орналасқан — әрі бұл Солтүстік жартышардағы жалғыз қорық.

Аспан ашық болған сәтте түн уағында бұл жерден Құс жолын және Андромеда галактикасын тіпті телескопсыз-ақ көруге болады. Ал күндіз әйгілі Керри сақинасы бойымен жүре отырып, Атлант мұхитының көркем жағалауын аралауға болады.

Пик-дю-Миди, Пиреней таулары

Фото. Shutterstock.com. Автор. Laqueyrie Arnaud

Пик-дю-Миди — бұл обсерватория орналасқан тау. Ла-Монжи қаласынан фуникулермен көтерілуге болады. Мұнда телескоптар, күмбездер және тіпті әуесқой астрономдарға ашық ғылыми зертханалар бар. Сонымен қатар, қорық аумағында орналасқан Гаварни алқабының көркем ауылдарында жұлдызды аспан астында романтикалық кеш өткізуге болады.

Атакама шөлі, Чили

Фото. Shutterstock.com. Автор. BERMIX STUDIO

Атакама — Жер бетіндегі ең құрғақ шөлдердің бірі, мұндағы жылдық жауын-шашын мөлшері 1 миллиметрден аспайды. Дәл осы климаттық ерекшеліктердің арқасында бұл мекен жұлдыздарды бақылауға таптырмас орынға айналған: атмосфераның мөлдірлігі жоғары, ылғалдылық төмен, ал жарықтық ластану мүлдем жоқ.

Бұл шөлде бірнеше әлемдік деңгейдегі обсерваториялар орналасқан, ал басты астротуризм нүктелері — Эльки аңғары мен Сан-Педро-де-Атакама қаласы.


Автор. Жанель Муканова. Аударған. Қорлан Тұрсынбекова. Источник заглавного фото. Shutterstock.com. Автор. Andrey Prokhorov

Поделиться: