RaiM мен Ерке Есмаханның шаңырақ көтергендеріне 1 жыл. Ерке жеке өміріндегі ең маңызды күнді есіне алып, көпшілік білмейтін құпиялармен бөлісті. Әнші инстаграм stories-ына махаббат хикаялары туралы контент әзірлеп, 1 жыл отбасында қандай өзгерістер орын алғанын айтып берді.
«Бесік тербетіп отырып, былтырғы қаңтар мен биылғы қаңтардың 1 жыл аралығын ойлап, бақытты сәттер көз алдымнан зымырап өтті. Естеліктерді бөліскім келіп кетті. Жаңа 2023 жыл басын Райм екеуміз Швейцария, Венеция, Милан, Комо қалаларын аралаумен бастадық. Қаңтардың 10-ы күні Алматыға келдік. Сол күні интернетке осы сурет шықты. Ол у-шу естеріңізде шығар. Халықтың білгеніне қуанған Райм, толық суретті өз парақшасына салып, неке қиямыз деп жоспар құрды. Бұл сурет Венецияда түсірілген еді. Махаббатымыз лапылдап, бақыттың құшағында неке қиюға Оралға ұшып келдік», — деп бастады әнші.
Жұлдызды жұп некесін қиған соң, ерлі-зайыпты болғанын атап өту үшін бірден Дубайға ұшып кеткен. Ерке Есмахан өткен жылы дәл ораза айында аяғы ауыр екенін білген. «19 қаңтар күні некеміз қиылғаннан кейін, Дубайға ұшып кеттік. 19 ақпанды сырға салуға бекіттік. Жанұя болып бір шаңырақтың астында тұра бастадық. Наурызда Райымның ән сапары басталды. Сол кезде бірге ұйымдастырушылармен жүрдім. Сәуірде Ораза болды. Ауызашарлардан қалмай жүрдік. Жолдасым ораза ұстады, ал мен ұстамадым. Себебі Ораза кезінде аяғым ауыр екенін білдік. Наурыздағы концерттерде қасына бекер еріп жүрмеппін», — деп Ерке қызықты сәттерін есіне алды.
«Мамыр айында заңды неке қидырдық. Маусым айында «Бұл махаббат» әніне бейнебаян түсірдік. Кейін Мальдив аралдарына демалысқа кеттік. Тамыз айында бейнебаян жарық көріп, менің жүкті екенімді хабарладық. Содан бастап халық алдында еркін жүре бастадым, ішімді жасырмай жүрдім. Сосын Оралға ауылға туысқандарға сүйіншілетіп бардық. Босанар алдында бір қыдырып қайтайық деп, Ислам жеті ай кезінде Лондоннан бір-ақ шықтық. Туған күніме бір апта қалғанда Ислам дүниеге келді. Бір жылдан бері қаншама өзгеріс болғанын көріп, толқып отырмын»,— деп ерекше толқыған Ерке, бүгінде кенже ұлы Исламды қырқынан шығарып, тағы да шет елге аттанды.
Автор. Harper’s BAZAAR Kazakhstan. Источник заглавного фото: Instagram @erke_esmahan